Абу-Даби қаласында өткен Азия чемпионатында қостанайлық жас боксшы қыздар күміс жүлде еншіледі.
Азия чемпионатынан олжалы оралған жүлдегерлерді Қостанай темір жол вокзалынан жаттықтырушылары, жақындары мен БАҚ өкілдері салтанатты түрде қарсы алды.
– Біз Абу-Даби қаласында бокстан өткен Азия чемпионатына қатысып келдік. Маған жүлделі екінші орын бұйырды. Мен ің қарсыластарым Украина мен Үндістаннан келген спортшылар болды. Бұған дейін Азия ойындарына өткен іріктеуден жеңімпаз атанған болатынмын. Осы орайда өзімнің бапкерім Руслан Тимурұлына ерекше алғыс білдіремін. Және бізді салтанатты түрде қарсы алған баршаңызға рақмет, – дейді Азия чемпионатың күміс жүлде иегері Мадина Нұрманова.
Ал, тағыда бір күміс жүлде иеленген Әсел Джалибекова:
– Мен бұл спорт түрімен екі жылға жуық уақыт қана айналысып келемін. Азия чемпионатынан екінші орын аламын деп ойламадым. Дегенмен, осы уақыт ішінде осындай жетістіктерге жеткенім бапкерімнің еңбегі, ата-анамның үміті мен сенімі, достарымның қолдауы деп білемін. Маған сеніп, қолдау білдірген жандарға шексіз алғысымды білдіремін. Осы спорт түрін таңдағаныма еш өкінбеймін. Әлі талай дода барымды саламын, – деп лебізін білдірді.
Ернұр Әуезхан