Елордамен бірге есейген өнерпаз

Елордамен бірге есейген өнерпаз

Елорда – талай таланттың тағдырын өзгерткен, өнерге қанат бітірген шаһар. Бас қаланың қалыптасу кезеңінде оның мәдени өміріне үлес қосқан өнер адамдарының еңбегі аз емес. Сондай жанның бірі, жерлесіміз танымал әнші, компазитор Медет Шайкелов.

Ол Астанаға 2000 жылы қоныс аударып, шығармашылық жолының ең маңызды белестерін осы қалада өткерді. Елорданың алғашқы тыныс-тіршілігіне куә болған өнерпаз бүгінде де сахнадан қол үзбей келеді. Астана күні қарсаңында әншімен сұхбаттасып, шығармашылық жолы, елордадағы алғашқы жылдары және өнердегі естеліктері жайында әңгімелескен едік.

– Сіздің шығармашылық жолыңыз қалай басталды?

– Менің шығармашылық жолым бала күнімнен басталды. Мектеп қабырғасында жүріп ән айтып, түрлі байқауларға қатыстым. Ол кезде қазіргі фестивальдер секілді аудандық, облыстық слеттер өтетін. Біз Амангелді ауданының Шөптікөл ауылында тұрдық. Сол жерден Амангелдідегі өнер байқауларына қатысып, сахнаға шыға бастадық. Сол кезден өнерге деген сүйіспеншілігім оянды. 1995 жылы отбасымызбен Арқалық қаласына көштік. Арқалық педагогикалық институтында, қазіргі университетте білім алдым. Студенттік жылдары алғаш рет Yamaha аспабының сүйемелдеуімен Дарибаевтардың репертуарындағы әндерді орындадым. Сол орта шығармашылыққа деген құлшынысымды бұрынғыдан да арттырды. 1996 жылы Торғай облысында өткен «Шанс плюс Шанс» облыстық байқауында бас жүлдені жеңіп алып, Алматыдағы «Музыкалық вояж» бағдарламасына жолдама алдым. Кейін 1999 жылы Арқалық педагогикалық институтын тәмамдадым. Төртінші курста оқып жүрген кезімде Арқалық қазақ драма театрында актер әрі әнші болып еңбек еттім.

– Астанамен алғашқы таныстығыңыз қалай болды?

– Сол жылы «Шабыт» республикалық шығармашыл жастар фестиваліне қатысып, Астанаға алғаш рет келдім. Сол жерде марқұм әнші Талғат Кеңесханов ағамызбен таныстым. Кейін оның шақыруымен Дәурен Сейітжанов, Павлодардан Динара Тоқтарова, Шымкенттен Нұрғали Тұрлыбеков, Мейіржан Әлиақпаров және басқа да жас өнерпаздармен бірге елордаға жиналдық. Ол кезде Тұрсынбек Қабатов, Қайрат Байекенов, «Дос» тобының әншілері – бәріміз «Шабыттың» түлектері едік. Сол ортада танысып, шығармашылық байланысымыз нығайды. 2000 жылы Астанаға біржола қоныс аудардым. Ол кездегі елорда қазіргі Астанамен салыстыруға келмейді. Халқы аз, шағын ғана қала еді. Біз төрт жігіт болып филармонияның жатақханасында тұрдық. Сол жылы «Жас қанат» байқауына қатысып, жүлделі орындардың бірін иелендім. Осы байқаудан кейін шығармашылық жолым жаңа белеске көтерілді. Астанадағы Қазақ драма театрында алғашқы жеке концертімді жанды дауыста өткіздім. 2003 жылы «Астана» телеарнасының кастингінен өтіп, редактор әрі тележүргізуші болып жұмысқа орналастым. 2003-2004 жылдары Алматыға шақырту алып, «Гүлдер» ансамблінде бір жылдай әнші-солист болып еңбек еттім. 2005 жылы қайтадан Астанаға оралып, отбасын құрдым. Содан бері елордада түрлі концерттерге, мәдени іс-шараларға, той-мерекелерге қатысып келемін.

– Телевидение мен продюсерлік саладағы қызметіңіз туралы да айтып өтсеңіз.

– 2007 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасына продюсерлік қызметке шақырылдым. Кейін «МузАРТ» ансамблінің «Өнеге» продюсерлік орталығында еңбек еттім. Ол жерде Қайрат Түнтеков, «Мақсат» дуэті, «Асыл» вокалдық-инструменталдық тобы және басқа да өнерпаздармен бірге жұмыс істедік. «МузАРТ»-тың концерттік бағдарламасымен еліміздің оңтүстік өңірлерін аралап шықтық. 2008-2009 жылдары қайтадан Астанаға оралып, «Астана» телеарнасында музыкалық продюсер әрі таңғы бағдарламаның жүргізушісі қызметін атқардым. Сондай-ақ өзімнің жарты сағаттық музыкалық бағдарламам эфирге шықты. Осы жылдары екі жеке альбомым жарық көрді. Қазір репертуарымда қырық-елуден астам ән бар.

– Өнер жолында сізге қолдау көрсеткен жандар туралы айтып берсеңіз.

– Өнердегі жолымыздың ашылуына қолдау көрсеткен ағаларымыз аз емес. Нұрбол Байзиров, Мұхтар Махамбетов, Сапар Ысқақов сынды азаматтар бізге көп қамқорлық жасады. Роза Қуанышқызының қолдауын көрдік. Оның директоры Жанна Сабирова мен музыка өңдеуші Руслан Бутабаев репертуарыма көптеген қазақы әндерді қосты.
«Жас қанаттан» кейін марқұм Жанат Қабылдаұлы ағамыз радиода біздің әндерімізді жиі беріп, үлкен қолдау көрсетті. Сол жылдары қазақы әндер арқылы жаңадан бой көтеріп келе жатқан елорданың рухани тынысына өз үлесімізді қостық деп ойлаймын.

– Өзіңіз ерекше құрметпен еске алатын өнер адамдарының бірі – Нұрикамал Сейтжанқызы…

– Иә, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Нұрикамал Сейтжанқызына алғысым зор. Ол кісінің қамқорлығы мен ақыл-кеңесі маған үлкен демеу болды. Нұрикамал апамызбен, Ақмола облысының «Он алты қыз» би ансамблімен бірге шетел сахналарында өнер көрсетіп, қазақ мәдениетін насихаттаудың сәті түсті. Осындай тұлғамен бірге еңбек еткенімді әрдайым мақтан тұтамын. Жаны жәннатта болсын, өнерге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Хореограф Бархат Төкеевнамен бірге Түркияның Стамбұл қаласында, Ресейдің бірнеше өңірінде өнер көрсетіп қайттық.

– Қазіргі шығармашылығыңызда туған өлкенің сазгерлерінің әндері де бар екен.

– Иә, қазіргі репертуарымда жерлес ағаларымыз Бақытжан Сәукеновтің, Алтай Сейітқасымовтың және басқа да Торғай өңірінен шыққан сазгерлердің әндері бар.

– Сіз үшін Астана нені білдіреді?

– Астана менің шығармашылық өмірімде ерекше орын алады. Барлық еңбек жолым, қалыптасу кезеңім осы қалада өтті. Осында отбасын құрдым. Бүгінде үш бала тәрбиелеп отырмыз. Сахнадан қол үзген жоқпыз. Тұрсынбек Қабатовтың концертіне қатысамын. Одан кейін Астана күніне арналған мерекелік бағдарламалар мен қала күндеріндегі концерттерге шығамын.

– Рахмет!

Сұхбаттасқан – Сералы МЫРЗАБАЙ