Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша елімізде 11 жасар 175 мың қыз балаларды адам папилломавирусына қарсы вакциналау жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникация орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық Санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаметі басшысының орынбасары Гүлім Досымова айтып берді.
«Он бір жас вакцинациядан өтуге ең тиімді кезең. Осы уақытта адамда ең тұрақты иммунитет қалыптасады. Егер жыныстық қатынас басталғанға дейін жасалса, вакцинация тиімді болады. Облыста биыл күзде 5 мыңға жуық қыз балаларды егу шарасы жоспарланып отыр. Вакцинаны егу кабинеттері арқылы ата-аналар мен қамқоршылардың ақпараттандырылған келісімімен тегін алуға болады», – деді Гүлім Көптілеуқызы.
Облыстық онкологиялық ауруханасының дәрігер-геникологы Марат Серікұлының айтуынша, адам папилломавирусы шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустардың ең көп таралған топтарының бірі. Вирус қауіпті болу себебі ол дене жасушаларының қатерлі ісігін тудыруы мүмкін.
«Онкологиядағы жатыр мойны обырының негізгі себебі HPV болып саналады. Еліміздегі қатерлі дерттердің арасында жатыр мойны обыры (15 пен 44 жас) бесінші орында. Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1600-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Үш күн сайын осы аурудан екі әйел қайтыс болады. Бүгінгі таңда HPV ем-шараларынсыз қатердің алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. Вакцинацияның арқасында жатыр мойны обырын жоюға болады. Осы уақытқа дейін жүргізілген ғылыми зерттеулердің негізінде адам папилломавирусына қарсы вакцинация тұжырымдамаға, жүктілікке немесе ұрыққа әсер етпейтіні анықталды», – деп атап өтті дәрігер маман.
Алғаш бұл қатерге вакцина АҚШ-та жасалған. Осы “Гардасил” вакцинасына 2006 жылы жүргізілген сынақтардан кейін оның тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген. Кейін оны қолдану ресми түрде ұсынылып, Қазақстанда “Церварикс” вакцинасымен бірге тіркелген. Қазір бұл вакциналар бүкіл әлемде қолданылады. Вакцина жатыр мойны обырының көптеген жағдайларын және жыныс құрттарының барлық дерлік түрлерін тудыратын вирус түрлеріне бағытталған. Әлемде HPV вакцинасының 60 миллионға жуық дозасы қолданылды және ауыр жағымсыз реакциялары туралы деректер жоқ.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА