Көк байрақ – елдің намысы, елтаңба – тұтастықтың символ, ал Әнұран – халқымыздың асқақ үні. Туымыз биікте желбіреп, Әнұранымыз шырқалған сәтте бойымызда ерекше мақтаныш сезімі тулайды. Осынау құндылықтарға деген құрметіміз жылма-жыл артуда. Мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін терең дәріптеуге арналған облыстық патриоттар форумы жылдағы дәстүрмен биыл да жалғасын тапты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты жиын жастар сарайында өтті. Жиналғандар Көк Туымызға қарап бой түзеп, Әнұранды асқақтата шырқады. Облысқа арнайы сапарлап келген қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының келіні, қоғам қайраткері, белгілі жазушы-этнограф Зейнеп Ахметованың басқосуға қатысуы мерекелік іс-шараның маңызын арттыра түскендей. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан да мәртебелі меймандар қатарынан табылды.
Айтулы күні облыс басшысы Құмар Ақсақалов барша Қостанай халқын құттықтап, қадірлі қонақтарға жылы лебізін білдірді.

«Біздің ортамызда даңқты қолбасшы, «Халық Қаһарманы» Бауыржан Момышұлының көзін көрген ел анасы, белгілі этнограф-жазушы Зейнеп Ахметова апамыздың отырғаны – біз үшін үлкен мәртебе. Бауыржан Момышұлы – ерлік пен елдіктің, тәртіп пен отансүйгіштіктің символына айналған тарихи тұлға. Оның өнегелі өмірі мен рухани мұрасы – жас ұрпақ тәрбиесіндегі мол қазына. Ал Зейнеп апамыз ұлттық тәрбие мен рухани байлықты дәріптеп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып келеді. Осындай ардақты тұлғаның бүгінгі форумға қатысуы – баршамыз үшін тарихи сәт», – деді Құмар Іргебайұлы.
Аймақ басшысы астықты аймақтың экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша шолу жасап, бірқатар жетістіктерді атады.
«Қазір Қостанай облысы – Қазақстанның машина құрастыру өнеркәсібінің орталығына айналды. Елдегі көлік құрастыру өндірісінің 25%-і біздің үлесімізде. Бұл көрсеткіш алда әлі өседі. Жаңа өндіріс ошақтары құрылып, жұмыс орындары ашылуда. 2022 жылы біздің өлкеде 4 ірі машина құрастырушы зауыт жұмыс істегенін білесіздер. Соңғы үш жылда қосымша бес заманауи өндіріс орны пайда болды. Мемлекет басшысы экономикалық өсімді жылдан жылға арттыруды тапсырды. Соңғы екі жылда біз стратегиялық міндетті қалтқысыз орындаудамыз. Көк Туымыз әрдайым бейбіт аспан астында желбірей берсін! Елтаңбамыз ел бірлігінің символы болып қала берсін! Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен орын алсын!» – деп түйіндеді сөзін.
Облыс басшысы «Патриот-2026» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттап, құрмет көрсетті. Бұл сайыс мереке қарсаңында ұйымдастырылғанын еске саламыз. Қатысушылар 8 аталым бойынша іріктеліпті.



Жеңімпаздар қатарында Қостанай облыстық ауруханасының травматолог-дәрігері Санжар Жагапаров, Ұзынкөл ауданындағы «Ершовское-2» ЖШС директоры Сәбит Ағайдаров, Науырзымнан қоғамдық жұмыскер Андрей Гриценко, Жангелдин аудандық полиция бөлімінің басшысы Айбат Әбдір, Денисов ауданынан еңбек адамы, Туребай Дәуренбеков, белсенді студент Фархат Мутунов, тоғызқұмалақтан жаттықтырушы Батырхан Әбілбеков, білімді жас Таир Әбдіқадыр, мәдениет майталманы Евгения Орлованың еңбегі елеулі.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
