Ел есіндегі ер

Ел есіндегі ер

Ұлы Жеңіске үлес қосқан жерлестеріміз аз емес. Олар жайлы айту – бүгінгі ұрпаққа парыз.

Соғыс ардагері Сейтен Сүлейменов 1899 жылы 10 қаңтарда Қостанай облысы, Аманкелді ауданының Қайыңды ауылында дүниеге келген. 1942-1944 жылдар аралығында Ржев қаласы №2 – ші гвардия құрамында майдандаболған. Жауынгерлік ерлігі үшін бірінші дәрежелі «Отан соғысы»орденімен және бірнеше медалдармен наградталған. Соғыстан жараланып, елге «І – ші топ мүгедегі» болып оралды. Шайқаста бірнеше жерінен оқ тиген. Беліне тиген оқ алынбай өзімен бірге кетті. Майдангер бейбіт өмірді, немерелерін көріп,95 жасында өмірден озды.

  «Әкем соғыс кезіндегі әңгімесін айтып отыратын.Жас болып, әңгімесіне мән бермеппіз. «Көрешегім бар болғасын аман қалдым. Оқ тиген жауынгерлерді ұрыс даласынан жинап әкететін. Соның бірі мен болдым» — деп айтып отыратын. Сауаты болмаса да өз бетімен білім алып, газет-журналы қолынан түспеген өте білімді кісі еді. Бөлімше басқарып, партия қатарында елге қызмет етті.

Әкеден жалғыз еді. Соғыстан соң үйленіп, жұбайы, анамыз Нұрбике Бейісқызымен бірге бес баланы тәрбиелеп өсірді. Кейінгі жылдарда Арқалық қаласында тұрды. Өмірінің соңына дейін денсаулығына шағым айтып көрген емес. Партияның жарнасын өзі барып төлейтін»,-деп әкесі жайлы естелігімен бөліседі майдангердің қызы Нағима Сейтенқызы.

Бұл күнде Нағима апайдың өзі де зейнеткер. Медицина саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан. Бауырлары: Мәлік — инженер, Ұлмекен — пошта қызметкері, Ерлан — құқық қорғау органында жұмыс істеп, қазір олар да еңбегінің зейнетін көріп отыр.

 «Бала кезімізде «Ақкісі» деген бөлімшеде тұрдық. Ел жақта әкеміздің атымен аталып кеткен «Айдай Сейтен өткелі» деген жер бар. Ауылда Сейтен деген тағы бір кісі болған. Екеуінің есімдерінен шатаспау үшін жұрт осылай атап кеткен. «Айдай» деген қосалқы сөз жеңгесінің есімі. Күйеуі қайтыс болғасын қайнысының қолында, бізбен бірге тұрды.

Шүкір, әкеміз ғасырға жуық өмір сүріп, ұрпақтарының өсіп — өнгенін көріп кетті. Немерелерінежүрген жерінен ерінбей, жалықпай асық жинап әкеп беретін. Елге сыйлы, өте келбетті кісі болатын. Қалалықтар «сұлу шал» атап кетті. Елге апарып жерледік. Сыйлы болғаны сондай өзге ұлт өкілдерінің өзі «Бейітке дейін көтеріп апаратын едік»- деп өкініштерін айтты.

Дәрігер апта сайын үйге келіп, денсаулығын қарап тұрды. Өзім де дәрігермін. Қайтарынан бір апта бұрын «Көзімді қарату керек еді»- деді. Ондағысы «Газет оқи алмай қаламын» деп қауіптенді. Міне, сондай оқуға құштар жан болатын. Ұлы мен келіні алақанда мәпелеп, күтімін жасап, қолдарынан жөнелтті.

Әкелеріміз бізге бейбітшілік заман сыйлады. Бейбіт өмірдің қадірін білейік. Ел –жұртымыз аман болып, көркейіп, гүлдене берсін»,-дейді Нағима Сейтенқызы.

Иә, зұлмат күндер жайлы тек тарихтан біліп, тәуелсіздігіміз баянды болғай!

Мұрат Жүнісұлы

  Арқалық қаласы