Экология және табиғи ресурстар  министрі Қостанай облысына іссапармен келді

Экология және табиғи ресурстар министрі Қостанай облысына іссапармен келді

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Қостанай облысына жұмыс сапары аясында өңір тұрғындарымен, коммерциялық емес және қоғамдық ұйымдармен кездесті.

Қостанайдағы Жастар сарайында өткен кездесуге Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты. Жиынға келген қауым Зүлфия Болатқызына өңірдегі экология саласына қатысты мәселелер төңірегіндегі сұрақтарын қойды. Үш сағатқа жуық уақытқа созылған кездесу облыста күрмеулі түйткілдер мен қордаланған мәселелердің көп екенін көрсетті. Министрге көкейдегі сауалын бетпе-бет қою үшін азаматтар Арқалық, Жангелдин, Әулиекөл, Денисов, Меңдіқара және басқа да өңірлерден арнайы келген. Мұның сыртында, жиынға тікелей эфир арқылы барлық аудан-қала әкімдігі қатысып отырды. Қойылған сұрақ сан түрлі, бәріне ортақ жағдай — қай-қайсысының да шешімін таппай отырғаны. Жалпы республикалық деңгейде ушығып тұрған иесіз иттер, құрылыс қалдықтарын жою, су айдындарын қолдануда бірізді тәртіптердің болмауы секілді мәселелерді былай қойғанда, облысқа тән көптеген проблема бар. Мәселен, арқалықтық белсенді азамат жұмысы тоқтаған боксит кен орнының көмілмей ашық-шашық жатқанын айтса, Торғайдың ракета қалдықтары құлайтын өлкесінен келген тұрғын ауылдастарының үреймен өмір сүріп отырғанын алға тартты. Облыс орталығындағы ет комбинаттары сойылған малдың қанын Тобыл өзеніне ағызып жатқанын мәселе қылып көтерді. Денисов ауданы Некрасов ауылындағы ескі гербицид қоймасы да қоршаған ортаға зиян тигізе бастаған көрінеді. Министр әрбір сұраққа заңнамалық тұрғыда егжей-тегжейлі жауап беріп, облыстағы жауапты орындарға да бірқатар міндеттер жүктеді.

“Қойылға сұрақтардың қай-қайсы да маңызды. Барлығы бақылауға алынатын болады. Барлық мәселенің шешімі табылады деп сенеміз. Жергілікті департаменттер де қадағалауды күшейтіп, сауал қойған азаматтармен жіті жұмыс істеуі керек”,- деді З.Сүлейменова.

Толығырақ — газеттің алдағы санында.

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу