Министр: “Қостанай – биологиялық тазарту станциясы жоқ жалғыз қала”

Министр: “Қостанай – биологиялық тазарту станциясы жоқ жалғыз қала”

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова облыстық БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді.

Зүлфия Болатқызы баспасөз мәслихатында министрліктің жұмысы және Қостанай облысындағы экологиялық ахуал туралы мәлімет берді.

“Қостанай қаласында жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша, ауаның ластануы жоғары деңгейде тұр. Қоршаған ортаны ластаушы шығарындылардың былтырғы көлемі 83,3 мың тоннаға тең болды. Бұл алдыңғы кезеңнен 10% кем, яғни бұл – оң өзгерістер бар деген сөз. Бұл көрсеткішке табиғатты қорғау іс-шаралары арқылы қол жеткізіп отырмыз. Қостанай облысының экологиялық мәселелерін шешу жөніндегі кешенді жол картасында 29 жоба қарастырылған болатын. Оның ішінде он іс-шара орындалды”, – дейді министр.

Оның айтуынша, былтыр жүзеге асырылған жобалар қатарында Қамысты ауданының Алтынсарин ауылына газ тарту желілерінің құрылысы, Тобыл өзені арнасын тазарту,қалдық қоймасы бөгетінің беткейлерін техникалық рекультивациялау жұмыстары болды. Қазіргі кезде жүргізіліп жатқан қам-қарекет те аз емес. 2023-2025 жылдарға жоспарланған іс-шаралар туралы қосымша ақпараттар кейінірек жария етілмек. Жалпы, Тобыл өңіріндегі экологиялық ахуал әлі де аса мәз емес.

“Қалдықтарды басқару саласындағы негізгі проблемалар – нашар инфрақұрылым, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының нормаларға сәйкес келмеуі, рұқсат етілмеген полигондардың көп болуы және кәріз тазарту құрылыстарының әбден тозуы немесе мүлдем болмауы. Мәселен, Қостанай облысында, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі – 18,2%. Бұл 2021 жылдың деңгейінен 0,5% жоғары, бірақ республикалық орташа деңгейден төмен”, – деп отыр З.Сүлейменова.

Биыл космомониторинг аясында өңірде 358 полигон анықталып, оның тек 94% жойылған екен. Министр тілге тиек еткен тағы бір өзекті мәселе – тазарту қондырғыларының жағдайы.

“Бүгінде Рудный, Лисаков, Жітіқара, Арқалық қалаларында кәріз тазарту құрылыстары тозған. Олар күрделі жөндеуден өткізуді немесе толық ауыстыруды қажет етеді. Ал Қостанай қаласы – еліміздегі биологиялық тазарту станциясы жоқ жалғыз қала болып саналады”, – дейді министр.

Орман шаруашылығы аясында Президент 2 млрд түп ағаш отырғызу бастамасын көтерген болатын. Былтыр 2724 гектар алаңға 16,4 млн түп ағаш отырғызылған. Биылғы жоспар – 7 мың гектар аумаққа 40 млн түп көшет егу.

“Алға қойылған осы мақсатты іске асыру және сапалы орындау біздің министрлігіміздің ұдайы бақылауында. Бүгін тұрғындармен кездесу барысында да осы мәселе көтеріліп, бұл бағыттағы жоспарларымызды айтып өттік. 2 млрд түп ағашты отырғызу жұмыстарына цифрлық мониторинг жүргізу үшін интерактивті карта және “Орман МАБ” қосымшасы құрылды”, – дейді З.Сүлейменова.

Жаңалықтармен бөлісу