Елордадан арнайы келген Астана мен Ресей колледжінің 2-3 курс студенттері Рауан Әскер мен Қасымхан Жұмабай Аудан орталығындағы «Оспанқожа әулие» мешітінің жанынан ашылған «Ғазиз қажы» атындағы медресе шәкірттеріне дәріс беріп жатыр.
Балаларға дәріс беріп қана қоймай, құран әріптері мен ислам дініндегі әдеп-салт дәстүрлерді үйретеді. Шариғаттағы 100 сұрақтың қағидаттарын саналарына сіңіруде. Медреседегі негізгі сабақ кестесі түске дейін. Алайда балалар түстен кейін келіп қосымша дәріс ала алады.
«Торғай жеріне алғаш рет келуіміз. Тұлғаларды түлеткен мекеннің халқы жомарт әрі қонақжай. Медреседе оқып жатқан балалар да зерек, оқуға талпыныстары аса жоғары. Бірден бауыр басып кеттік. Діни сауаттылықтарын жетілдіру үшін ештеңеден аянып қалмаймыз. Балалардың көңілдерін көтеру үшін мешіт әкімшілігінің демеушілігімен әр жұма сайын тәттілер беріп отырамыз. Бойларын сергітуге арналған спорттық жарыстар ұйымдастырдық. Жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бір мезгіл мұражайларды аралатамыз. Қасымхан екеуміз келісім бойынша 3 айға келдік. Еңбекақымызды мешіт жамағаттары мен демеушілер арқылы алып отырамыз. Алдағы жоспарымыз, балаларды табиғат аясына алып шығып, көңілдерін көтеру. Шәкірттеріміз саналы әрі білімді болса, одан өзге арманымыз жоқ», – дейді жас ұстаз Рауан Әскер.
Расында, балалар құран сүрелерін жаттап үлгірген. Арасында бес уақыт намаз оқуға ниеттеніп жүргендері бар.
Өткен жылы медересе жергілікті тұрғындардың демеушілігімен қайта жаңартылып, бастан-аяқ күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Онда қазір 40 бала діни сауаттылықтарын арттып жатыр.
Бір уақыт жұма намазына мешітке бара қалсаңыз, үлкен кісілердің қатары сиреген. Осындай намаздағы жастарды көргенде шүкіршілік етесіз. Кімге болса да діни сауаттылық керек. Себебі, басқа діни ағымдардың жетегінде жүрген қаншама қандастарымыз бар. Ислам дінінің қадір қасиетін ұғыну үшін осындай медереселердің ықпалы зор. Шариғат қағидаларын қаншалықты санаңызға сіңірсеңіз, соншалықты болашағыңыз жарқырай түсері анық.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы