Тоқсаныншы жылдардың басында бұрынғы Одақтан еншісін алған ұлттық республикалар Тәуелсіздігін жариялап, тек әлеуметтік-экономикалық қана емес, саяси-рухани дүмпуді де бастан кешіп жатты. Жоғалған тарихын түгендеп, ұмыт болған тұлғаларын іздеді. Коммунистік идеология тас бүркеп қойған ақтаңдардың бетін ашты. Бұл дүмпуден Қазақ елі, қазақ журналистикасы да шет қалған жоқ. Ал Қостанай өңірінде алғашқылардың бірі болып осындай барынша күрделі әрі даулы тақырыптарды тайсалмай батыл көтерген Гүлжібек Бекмұхамедова болатын.
Ол 1991 жылдың ақпанында ашылған облыстық телеарнаға сол жылы жаз айында арнайы шақырумен келген еді.

Гүлжібек Баекеқызы Бекмұхамедова 1955 жылы 8 ақпанда, Әулиекөл кентінде дүниеге келген. Орта мектепті Қамыстыда тәмамдады. 1973 жылы ҚазМУ журналистика факультетіне түсіп жоғары білім алып шықты. Әрі қарай мамандығы бойынша аудандық газетте қызмет етіп, кейін Алматыда жоғары партия мектебінде оқиды. Оны аяқтаған соң Қамысты аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет етті. Яғни, ол 1991 жылы облыстық телеарнаға келгенде, білімі мен тәжірибесі толыққан маман еді.
«Алғашқы жылдар өте қиын болды, – деп еске алады өзі. – Өтпелі кезең деп жүрміз ғой. Елде де жағдай ауыр. Бәрі бүлініп, қирап жатты. Сондай уақытта, жаңадан жасақталған телеарнаның күйі қайдан оңсын? Ұйымдастыру жұмыстарында олқылық көп болды. Екі редакцияда бір телекамера. Түсірілген материалды жылжымалы телестудияда монтаждаймыз. Көлік жетіспейді. Әйтсе де соған қарамай көрерменге сапалы, тұшымды дүние ұсынуға тырыстық. Мен алғашында жаңалықтар бөлімінде істедім. Кейін үлкен бағдарламалар жүргізе бастадым. Облыстық арнаға алғаш рет тікелей эфир форматын енгіздім. Күн с айын шығатын «Диалог» деген хабарымыз болды, орысшасын мен, қазақшасын марқұм Нағашыбай Мұқатов жүргізді. Нағашыбай мінезі жаймашуақ, жаны жайсаң азамат еді. Әріптес ретінде, адам ретінде бір-бірімізді құрмет тұттық, жақсы сыйластық. «Диалог» хабары телеарна үшін тиімді болды. Себебі эфирдің біраз бөлігін жабады. Ал жүргізуші үшін өте ауыр. Бұл адамға тек моральдық-психологиялық емес, физикалық та ауыр жүк түсіретін жұмыс еді».
Осылайша кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен ерекшеленген Гүлжібек Бекмұхамедова 1993 жылы орыс редакциясының бас редакторы қызметіне тағайындалады. Ал 1995 жылы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған республикалық телефестивальде оның «Они не прошли, Султан» атты Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағанбетов туралы телеочеркі бірінші орын алады.
«Бұл мені ғана емес, бүкіл ұжымды шабыттандырды – дейді Гүлжібек апай. – Көкейге «Е, біздің де қолымыздан келеді екен, біз де қаражаяу емес екенбіз» деген сенім ұялады. Өйткені ол кезде біздің арнаның жасақталғанына төрт-ақ жыл. Ал бізбен бәсекеге түскен телеарналардың алды құрылғанына 30 жылдан асқан».

Бұдан кейін ұзаққа шабатын шын жүйріктей Гүлжібек Баекеқызының тынысы кеңіп сала берген сынды. Көп ұзамай қазақ халқының ардақты перзенті, көрнекті қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай жайлы деректі фильм шығарады. Үлкен тақырыптарды қозғағасын үлкен тұлғалармен шығармашылық қарым-қатынас орнайды. Соның бірі – жазушы Әнуар Әлімжанов. Мұстафа Шоқайды коммунистік идеология тұрғысынан жағымсыз етіп суреттеген «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітаптың авторы МҚК полковнигі Серік Шәкібаев та хабарласады. Себебі белгілі, Мұстафа Шоқайдың қоғамға өзі таныстырған образын өзгертуді қаламайды. Бірақ Гүлжібек Баекеқызы біреудің жетегінде кетіп ақиқатқа қиянат жасайтын адам емес. Сөйтіп фильмді өз таным-талдауымен дайындап шығады. Әрине, бұған Шәкібаев және сондай көзқарастағы біраз адамдар ренішін білдіреді.
Тағы да Гүлжібек апайдың естелігіне кезек берейік.
«Мен қашанда басқалардың тісі бата бермейтін күрделі тақырыптарды көтердім. Жоқ, атымды шығарайын деп емес. Өмірдің өзі сол тақырыптарға итеріп алып келеді. Болмаса, біреулер көмек сұрайды. Мәселенің өзектілігін көріп тұрып, қалайша басыңды алып қашасың? Журналист деген атыңа сын емес пе? Кейбір тақырыптарды игерудің қиындығы өз алдына, олар қай жағынан да авторға тиімсіз болуы мүмкін. Тіпті қауіпті! Билік орындарымен, өзіңнің тікелей басшыларыңмен арада кикілжің туындауы мүмкін. Бірақ мені мұның ешқайсы да, ешқашан кері шегіндіре алған емес».
Тоқсаныншы жылдардың ортасындағы Шешенстандағы соғыс. Қазақстандық ақпарат құралдарында көп айтыла қоймайтын жабық тақырып. Бірақ Гүлжібек Баекеқызының бұл тақырыпты да бір түртіп өтуіне тура келеді.
…Ресей армиясының бір офицері кезінде Қостанайдың іргесіндегі бір ауылдың мектебінде оқыпты. Кейін Шешенстанда соғыста жүріп қаза табады. Өмірден өткен соң оған Ресейдің батыры атағы беріледі. Осыны желеу етіп оқыған мектебінің ұжымы білім ошағына сол офицердің есімін беру туралы жергілікті органдарға өтініш береді. Мұны естіген жергілікті шешен ұлтының бір топ өкілдері Гүлжібек Бекмұхамедоваға келіп, бұл әрекеттің заңсыз екенін айтып, осы мәселені телеарнада көтеруді сұрайды. Ақыры материал эфирге шыққасын мектепке Ресей офицерінің есімі берілмейтін болады. Шешен ұлты өкілдерінің заңды талабы орындалады.

Сондай-ақ белгілі медицина маманы, танымал саясаткер Бексұлтан Тұтқышевпен бірлесіп медицина саласындағы қиындықтар жайлы материалдар дайындайды. Жаза бастағасын сол саланы, сонда қызмет атқаратын адамдарды жақын тани түседі. Осылайша Қостанай өңіріне танмыл қан тамырлары және кеуде қуысы хирургі, білікті дәрігер Валерий Цхаймен танысады. Сол кісінің еңбегін көріп, әңгімесін тыңдай жүріп, тек медицина саласындағы түйткілдерге ғана емес, осы кәсіптің қыр-сырына да қанығады. Сөйтіп тағы бір күрделі тақырып – медицина жайлы циклді дүниелер дайындайды. Медицинада ғылым мен тәжірибені қабыстыру туралы хабары Ресейдің Петербург қаласында өткен хирургтар конференциясында көрсетілген. Кейін Бексұлтан Тұтқышев Парламентке сайлауға түскенде оның сайлауалды бағдарламасының авторы да осы Гүлжібек Бекмұхамедова болды.
1999 жылы өзі де өңірдегі журналистер арасында алғаш болып Мәжіліс депутаттығына үміткер атанғаны бар. Оның қайсар мінезін, әділ ұстанымын құрметтейтін бірқатар танымал азаматтар сенімді өкілі болып, қолдау білдірді. Олардың қатарында белгілі кәсіпкер Олег Даниленко, Олимпиада ойындарының жүлдегері Александр Мирошниченколар болған еді. Сол кездегі қарсыластары да осал емес-тін. Кейбірі Гүлжібек Баекеқызының сенімді өкілдерін өзіне шақырып алғысы келді, бірақ әділетке сенген азаматтар әуелгі келісімінен айныған жоқ.
«Мен ең бағалайтын қасиет – уәдеге берік болу, сатқындық жасамау. Өзім сенген азаматтардың маған соңына дейін үміт артқаны мені айрықша қанаттандырды», – дейді Гүлжібек апа.
Гүлжібек Баекеқызы жалпы 60-тан аса деректі фильмінің авторы. Өз ісіне адалдығы мен кәсіби шеберлігі оны тоқсаныншы жылдары көпшіліке аса танымал етті, елдің сенімі мен құрметіне бөленді. Әлдебір шиеленісті, түйткілді мәселелерге тап болғандар басқаға емес, Гүлжібек Баекеқызына келетін. Белгілі жекпе-жек шебері Сабыржан Махметовпен де жолы осылай түйіскен-ді.
Ол кезде Сабыржан Махметов қылмыстық жауапқа тартылып, Қостанай облысындағы түзеу мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жүреді. Бұл жерде оған қастандық та жасалады, ақпараттық шабуылға да ұшырайды. Қазақстандық басылымдардың бірі «Сабыржан Махметов жазасын өтеу орнында өз-өзіне қол жұмсап опат болды» деген мағынада жалған ақпарат таратқан. Мұны естіген әкесі уайымнан жүрек талмасы ұстап жансақтау бөлімінен бір-ақ шығады. Осы уақытта қоныстану колониясында отырған Сабыржанды түзеу мекемесінің басшылары заң бойынша рұқсаты болса да әкесімен көрісуге жібермейді. Сол кезде бұл заңсыздықты қоғамға жариялап, әділдік іздеу мақсатында Сабыржанның таныстары Гүлжібек Бекмұхамедоваға шығады.

«Әрине, тәуекелі көп, күрделі, қиын дүние. Бірақ мен өзімнен көмек сұрап келіп тұрған адамдардың өтінішіне көз жұмып қарай алмадым. Материал дайындауға кірістім, жазасын өтеу орнына барып Сабыржанның өзімен де кездестім. Көп ұзамай материал эфирге шықты, соның арқасында ол кісі әкесімен көрісті. Осыдан кейін Сабыржанмен байланысымыз үзілген жоқ, адами сыйластық, жолдастық қарым-қатынаста болдық», – дейді Гүлжібек Баекеқызы.
Тағы да сол тоқсаныншы жылдар. Елде тұрмысы төмен, балалы-шағалы отбасы көбейген. Алда жаңа оқу жылы. Ал мемлекеттің мұндай отбасыларға көмек берер қауқары да, қаржысы да жоқ. Тығырықтан шығу үшін сол кездегі мемлекет басшысының бастамасымен республикалық «Жанашыр» телемарафонын өткізу туралы шешім қабылданады. Мақсат – қалталы әрі қайырымды азаматтарды тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетуге шақыру. Қостанайдан – жүргізуші Гүлжібек Бекмұхамедова мен Жанұзақ Аязбеков. Үш сағаттық тікелей эфир. Мүдірмеу керек, бүгілмеу керек. Миға да, жанға да, тәнге де салмақ салып, жаншып жіберетіндей жауапкершілік. Төзім, мінез, кәсіби біліктілік бұл сынақтан да Гүлжібек Баекеқызын абыроймен алып шықты. Өзінің айтуынша, осы телемарафонда жиналған қаржы бойынша Алматы, Астана тәрізді үлкен қалаларды артқа тастап, Қостанай облысы алға шыққан. Бұл жанкешті еңбектің өтеуіндей еді.


Гүлжібек Бекмұхамедованы онымен әр жылдарда бірге қызмет істеген әріптестері де өте жоғары бағалайды.
«Гүлжібек Баекқызы өзінің кәсіби шеберлігін талай республикалық телеконкурста оза шауып дәлелдеді, – дейді Қостанай облыстық телеарнасының алғаш тілшілерінің бірі, журналистика ардагері Қайрат Мұқатов. – Мен о кісіге тек біздің өңірде емес, республика көлемінде пара-пар келетіндер аз деп сеніммен айта аламын. Тік мінезді, барынша батыл, адал әрі әділ адам».

Бүгінде МӘМС мекемесінің ақпараттық бөлімінде қызмет ететін Балжан Медебаева да кезінде облыстық телеарнада қызметін бастағанда Гүлжібек Бекмұхамедовадан тәлім алған.
«1997 жыл еді. Үш ай облыстық арнада сынақтан өттім. Осы үш ай ішінде Гүлжібек Баекеқызы өзінің жұмысының көптігіне қарамастан, мені тележурналистиканың қыр-сырына баулыды. Дауыс көтермейтін, бірақ өте талапшыл. Шалағай мәтінімді қызыл сиямен белінен бір-ақ сызып, «қайта жаз» дейтін. Соның арқасында әр қатемнен сабақ алып, телесюжеттің тілін меңгердім».
Өкінішке қарай, ешкімге бас имей, жетекке ермей, өз білгенімен жүретіндердің жауы көп. Гүлжібек Баекеқызы «осындай болмысымнан басшыларға да, билікке де жақпадым» дейді. Сөйтіп ол 2000 жылы облыстық арнадан өз еркімен қызметтен кеткен. Бірақ журналистикадан қол үзбеді. Жеке студия ашып, деректі фильмдер түсіруін жалғастырды. Бұл еңбектері талай мәрте жүлде алып, республикалық арналарда көрсетілді. Екі рет облыстық меценаттар клубының лауреаты атанды. Алайда осынша еңбегі бола тұрса да, мемлекеттен бірде-бір марапат алмапты. Ескерусіз қалуының себебі неде? Бұл – әзір жауапсыз сұрақ.
Дарынды документалист, тележурналистиканың майталман маманы Гүлжібек Баекеқызы Бекмұхамедова әлі де қолынан қаламын тастаған жоқ. Бойында күш-қуаты барда өз заманының келбетін таспалауын жалғастыра беруді көздейді. Таспаға өрілген бүгінге еңбек, ертеңгі ұрпаққа қалдырар рухани мұра. Гүлжібек Баекеқызы сынды қолына қаламды кездейсоқ емес, тағдырдың қалауымен ұстағандар осы миссияны орындауды өздерінің қастерлі парызы санайды.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
