Қостанай облысының Қамысты және Науырзым аудандарында құрғақ шөптің тұтануынан жер-жерде өрт шығып жатыр. Орқаш және Дружба ауылдарының арасындағы екі аумақта өрт ошағы толықтай оқшауланды.
Өртті сөндіру жұмыстарына екпінді жел кедергі келтіріп тұр. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен және орман шаруашылығымен бірлесе отырып, тілсіз жаудың таралуына жол бермеу үшін кешенді шаралар жүргізу үстінде. Елді мекендерге де, орман алқаптарына да қауіп жоқ.
«Өрт сөндіруге 550-ден астам жеке құрам мен шамамен 80 техника тартылды. Олардың қатарында ТЖМ күштерімен бірге жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы, ІІМ академиясы, аумақтық қорғаныс бөлімшелері және Ұлттық ұлан бар. Жағдайды бақылап отыру үшін пилотсыз ұшу аппараты қолданылып жатыр», — делінеді облыстық Төтенше жағдайларды жою жөніндегі жедел штаб хабарламасында.
Даладағы өртпен күресу және әуеден барлау жүргізу үшін «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Ол 16 рет қайталап, 48 текше метр су төкті. Өрт сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Жедел штаб өкілдері жағдай ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің тұрақты бақылауында екенін айтты.
