Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Рудныйдағы іссапары барысында жаңадан ашылған және құрылысы енді басталып жатқан спорт нысандарын аралады.
Әуелі өңір басшысы таяуда ашылған «Сокол» және «Сарыбай» дене шынықтыру-сауықтыру кешендеріне барды. Егіз нысанның құрылысына 1,266 млрд теңге жұмсалып, тамыз айында пайдалануға берілді.
Қазір мұнда қала жастары волейбол, гандбол, шағын футбол және күрестің бірнеше түріне жаттығып жатыр. Екі кешенді қоса алғанда, секцияларға ұзын саны 940 адам тіркелген. Отыз шақты жаттықтырушы, бапкер жұмыс істейді.
Облыс әкімі дайындық залына кіріп, волейболшы қыздармен дидарласты.
«Соңғы екі жылда облыс көлемінде жиырма шақты спорт кешенін салдық. Солардың екеуі, міне, сіздердің игіліктеріңізге берілді, – деді Құмар Іргебайұлы. – Волейбол деген – ең көркем спорт түрлерінің бірі. Әсіресе қыздар волейболы өзіме көбірек ұнайды. Эмоция мен шеберліктің, нәзіктік пен жігердің үйлесімі ерекше тартымды. Сондықтан біз алдағы уақытта волейболдан кәсіби клуб құруды жоспарлап отырмыз. Азия елдерінің чемпиондар лигасында өнер көрсететін өзге өңір волейболшылары бар. Бізге де неге жақсы команда құрмасқа? Бәлкім, топ құрамынан сіздерді де көрерміз. Сондықтан осы бастан чемпион болуға ұмтылыңыздар, ал біз сіздерді қолдауға қашанда дайынбыз!»
Кешеннің жай-күйімен танысуға арнайы келген ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов те нысанға лайықты бағасын берді. Бұл жастар қауымына көрсетілген қомақты қолдау дегенді айтты. Тіпті, сәніне сапасы сай спорт кешендері кез келген мемлекетте жоқ екенін тілге тиек етті ол.
«Дүние жүзінің әр бұрышына сапарлап барып жүрміз. Сонда әлем елдерінің, тіпті заманауи батыс елдерінің бәрінде бірдей мұндай инфрақұрымылым жоқ екенін көрдік. Сондықтан сіздерге жасалған жағдай, ұсынылған мүмкіндік орасан зор, қай спортпен шұғылданамын десеңіздер де жолдарыңыз ашық. Мұны бағалау, қадірлеп тұтыну керек. Бұл үшін, әрине, өңір басшылығына рахмет айтайық. Ал сіздерге жарқын жеңістер, жоғары жетістіктер тілеймін», – деді Шухрат Ибрагимов.

Бұдан соң олар «KAZIKHAN ARENA» аталатын ауқымды жобаның нобайымен танысты.
Қазығы енді қағылып жатқан ауқымды нысанның жалпы аумағы 4,5 мың шаршы метрге жуықтайды. Жобаның иесі – «Аят» кәсіби клубы» ЖШС. Басты көздейтіні – дене шынықтыру және спорт саласын, әсіресе футзалды дамыту. Сондай-ақ мұнда чемпиондар лигасы сияқты республикалық және халықаралық дейгейдегі спорттық іс-шаралар өткізілмек. Осыдан-ақ нысанның қандай дәрежеде салынатынын болжай беруге болады.
«Футзал УЕФА стандарты бойынша 1500 орындық болады. Тренажер және фитнас залы, топпен жаттығу жасауға қолайлы алаңдар, киіну, жуыну бөлмелері, медициналық, бапкерлер мен операторларға арналған кабинеттер, конференция залы орналасады. Жалпы, жоба «Аят» кәсіби клубы» ЖШС-нің өз қаражатына салынады», – дейді серіктестік директорының орынбасары Екатерина Шмылева.

Мұны бір деңіз. Екінші кезекте сауда-ойын-сауық орталығын салу жоспары тұр. Екі қабатты заманауи орталық аумағы 5 мың шаршы метрге таяу болады. Үшіншіден, серіктестік өкілі мұз аренасының жобасын көрсетті. Бұл нысан коньки, мәнерлеп сырғанау және керлингтен жаттығулар, түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге арналады. Ал төртіншісі – аумағы 16 мың шаршы метрлік қонақ үй құрылысы. Жеті қабатты ғимаратта бір және екі бөлмелі жайлы бөлмелер соңғы үлгімен жабдықталады. Сондай-ақ конферец-зал, SPA, бассейн, мейрамхана, демалыс аймағы қарастырылған.
Өңір басшысы құрылысы енді басталғалы жатқан ірі кешеннің жобасына жоғары баға беріп, жұмысқа сәттілік тіледі.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
