Ұлы Жеңістің 79 жылдық мерекесі де келіп жетті. Осындайда көңіл түпкірінде жатқан кешегі қанды қырғын елестер, әр отбасына түскен ауыртпалық пен орны ешқашан толмас қайғы бүгінгі көзі тірі сол зұлматты көрген пенденің көз алдына оралады. Артындағы ұрпақтары аталары мен әкелерінің Отан үшін, Отанның тәуелсіздігі үшін қан майданда жасаған ерлігін еске алады.
Талай шаңырақтың отын өшірген зұлмат ешқашан қайталанбаса екен деп тілеп отырасың. Кешегі халық басына түскен 1932 жылғы зұлматта Торғай өлкесінің азаматтары жан-жаққа тарыдай шашылды. Осындай бір топ Жыланшық өңірінен, жан сақтауға Оңтүстік өңірді бетке алады. Жолда Қарсақбай балалар үйіне Оспан қария кіші екі баласы Сәлім мен Әміржанды қалдырып, қалған үш баласымен әйелін туыс-туғандарын ертіп, Жезқазғаннан Сарысу өзенін бойлап Бетпақтың шөлін кесіп өткен. Ұзақ жүріп, Шымкентке тұрақтайды. Ел сәл тоғайып, ес жинай бастағанда екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Бір үйде қанша ер азамат болса, түгел аттанған. Сондай отбасының бірі осы Оспан қарияның үйі еді. Соғыс бастала салысымен Байзақ, Жүніс, Ыдырыс атты баласы соғысқа алынады. Қарсақбай балалар үйіне қалдырып кеткен Сәлім мен Әміржаннан хабар ала алмай адасып қалады.Үміт етіп отырған қолдағы үш ұлын соғысқа бір күнде алғанда Оспан қария жер таянып буындарын баса алмай зар жылап отырып қалады.
Уақыт өте келе соғысқа аттанған балаларынан “Ерлікпен қаза тапты” деген қаралы хабар келеді. Осылай екі баладан тірідей, үш баладан өлідей айырылып, жанары суалып, көкірегі қарс айырылды. Үміт оты үзілді-ау деп отырғанда араға 14 жыл салып, Сәлімі мен Әміржаны соғыстан жарақат алып, аман сау ата-анасына қосылады. Сол Сәлім мен Әміржан туған топырағы Аманкелді ауданына 60-шы жылдардың ортасында оралып, еңбекке араласты. Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Сәлім Оспанұлымен көзі тірісінде әңгімелесіп, өзінің өмірі жайлы сұрағанда онша шешіліп әңгіме айта бермейтін.
Өмір бойы адал еңбегімен елге қызмет жасаған ағай сөзге сараң, мақтан сүймейтін, әділдікті ту еткен азамат өткен өмірі жайлы сирек әңгімелейтін. Өткен күнді ауыр еске ала отырып, “ой қарағым-ай біз не көрмедік?!” деп бастайтын әңгімесін. Ұлы Жыланшық бойын мекендеген “Төре” әулетінен шыққан ағамыз өмірге 1915 жылы келген. Бірақ құжаттарында 1919 жыл деп жазылған. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Төрелер әулетін қудалағанда аталарымыз Шымкенттің Созақ ауданына үдере көшкен. Ол жерде 3 жылдай тұрақтап, Торғайдың Сужарғанының бойына келген. Араға аз уақыт салып, туған жері Жыланшыққа қайта көшкен. Осы жерде 1932 жылдың ашаршылығына ұшырап, қайтадан Жезқазған арқылы Созаққа жаяу жетеді. Жолда Оспан атамыз Сәлім, Әміржан атты кіші екі баласын Қарсақбай балалар үйіне өткізген. Балалар үйінен әр жерге ауысып, жеті сыныптық орысша білім алған. Жамбылдың темір жол депосында оқып, паравоз-машинисті болған. Ата-анадан адасып қалған азамат 1939 жылы әскерге алынып, Фин соғысына 1939-1941 жылдар аралығында қатардағы жауынгер болған. Одан соғыста 1941-1943 жылдар арасында Халхингол аймағында 6-шы атқыштар полкында, 91- батолонында, 108-атқыштар полкында, 341 атқыштар полкы құрамында аға сержант дәрежесінде жаумен шайқасып, сұрапыл жылдарды бастан өткізген.
1943 жылдың маусым айының 1-ші жұлдызында сол жақ иық топшысын оқ тесіп өтіп, далалық госпиталда 1943 жылдың 1 маусымынан 2 қыркүйек аралығында жатқан. Емделіп шыққан соң ұрысқа қайта кірген. 15 қазанда қолының білек сүйегін оқ бөліп өткен. Жілік бетіндегі сүйегі алынып, бір қолы бір қолынан қысқа болып 75 күн госпиталда жатты, 1944 жылдың 1 қаңтарында соғысқа жарамсыз мүгедек болып шыққан. Соғысқа жарамағандықтан аға сержант N220 оқу-жатығу батолонында жауынгерлерге әскери өнерден 1946 жылдың аяғына дейін дәріс берген. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі тиісті дәрежеде марапатталған.
Осы сұрапыл соғыстан ағайынды бес азаматтың үшеуі оралмай, екеуі мүгедек болып оралған. 1946 жылдың аяғында араға азапты 14 жылды салып, ата-анасымен табысқан екен. Соғыстан кейін Оңтүстік Қазақстан обылысы Мақтаарал ауданында мектепте әскери пәннен дәріс берген. Кейінен мектеп директорлығына ұсынылғанда қандай себеп екені белгісіз, әкесі баруына қарсы болған. Содан ардагер ағамыз оқу-тәрбие жұмысынан қол үзіп, өзі алғаш игерген техника саласына ауысады. Механизатор, есепші, бригадир, МТМ, гараж қызметкері болған. Туған елге оралғаннан кейін техникалық шеберханада демалысқа шыққанға дейін темір шебері болып жұмыс атқарды.
1950 жылы бас қосқан жұбайы Нағима жеңгеміз екеуі 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, бәрінің жоғары білім алуына жағдай жасады. Балалары азамат болып, ел игілігіне тиянақты қызмет жасап келеді. Батыр ауылы Үрпекте бақша өнімдерін егіп, насихаттаған да осы кісі болатын.
Сәлім ағай 2001 жылдың 10-шы желтоқсан жұлдызында оразаның ішінде дүниеден озды. Немере, шөбере, балалары, ағайын-туыс, ауыл замандастары, ардагер алқасы ардақтап, соңғы сапарға аттандырды. “Бергеніңе береке бер, ауыл-елімді, ағайын-туыс жұртымды, бәле-жаладан сақта, халқыма береке-бірлік, амандық бере гөр!” деп Ұлы Жаратушыдан үнемі тілеп отыратын еді. Ал інісі Әміржан Оспанов сол сұрапыл соғыста десанттар дайындайтын мектептен дәріс алып Ленинград, Калинин майданында ерлік көрсеткен. Бұл кісі де екі рет соғыстан жарақат алып елге ағасынан сәл бұрын оралған. Барлық саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған азамат 86 жасында дүниеден озды.
Еліміздің тәуелсіздігі үшін соғыста қаза тапқан ардақтыларымызға Ұлы жаратушы иман, от пен оқтан аман оралған ардагерлерімізге амандық саулық берсе екен деп тілеймін.
Шөптібай Байдилдин,
өлкетанушы
Арқалық қаласы