ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі batyrlargatagzym.kz порталын іске қосты

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі batyrlargatagzym.kz порталын іске қосты

Жоба әр батырдың тарихта лайықты танылуын қамтамасыз ету үшін құрылған. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты III отырысында атап өткендей, мемлекет соғыс жылдарында теңдесі жоқ жауынгерлік және еңбек ерліктерін жасаған отандастарымызды ел жадында сақтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Сайт – әртүрлі ақпарат көздерінен жинақталған Қазақстан халқының ерлігінің мәңгілік ескерткіші. Пилоттық жоба 2023 жылы іске қосылып, азаматтық қоғам мен еріктілердің үлкен қызығушылығын туғызған. Сөйтіп функционалдық мүмкіндіктері кеңейтіліп, деректер толыққанды порталға жүйеленіп отыр.

“Бүгінгі таңда порталда 100 мыңнан астам қазақстандық ардагерлер туралы ақпарат бар. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай портал барлық ардагерлер туралы деректерді біріктіреді деп үміттенеміз. Біз әрбір қазақстандықты ҰОС ардагерлері туралы қосымша ақпарат беру арқылы бұл жобаға өз үлесін қосуға шақырамыз. Кез келген адам жеке отбасылық мұрағаттарда сақталған құжаттармен сайтты толықтыруға көмектесе алады. Бұл фотосуреттер, құжаттар, майданнан келген хаттар және басқа материалдар болуы мүмкін”, – делінген министрліктің ресми ақпаратында.

Бұл портал – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Мемлекеттік архивтердің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, еріктілер мен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі екенін айта кетейік.

Жаңалықтармен бөлісу