09.10.2025
Бердібек Соқпақбаев – әдебиетіміздің классигі

Бердібек Соқпақбаев – әдебиетіміздің классигі

Бердібек Соқпақбаев – қазақ халқының дара жазушысы. Балалар әдебиетін биікке көтерген қаламгер. Бүгін ХХI ғасырда кітаптары сөреден таптырмаса да, жүректерде жатталып қалған Бердібек Соқпақбаев бақытты жазушы. Халық сүйген, қалың оқырманы бағасын беріп, құрметпен мәңгі есінде сақтаған жазушы. Бердібек Соқбақбаевтың ел жүрегінен орын алып, ұялап қалған «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Қайдасың Гауһар?», «Ақбоз ат», «Жекпе-жек», «Он алты жасар чемпион» атты шығармалары әдебиетте бір төбе болса, ал кітапқа да, киноға да арқау болған «Менің атым Қожаның» орны бір бөлек.

Бердібек Соқпақбаев шығармашылық қызметін ақын ретінде бастады. 1950 жылы оның «Бұлақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Авторлық сезімдердің ерекше сенімділігі мен шынайылығымен ерекшеленген жинақ бірден өз оқырмандарын тапты.

Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Соқпақбаев «Менің атым Қожа» атты повестің арқасында танымал болды. Бұл туынды «Детская литература» баспасында шығып, содан кейін орыс тілінен көптеген тілдерге аударылып, Франция, Польша, Чехословакия, Болгария секілді шетелдерде жарияланды. Содан кейін бұл шығарма Отанына оралып, қазақ тілді оқырмандардың жүрегінен ойып орын алды. Тіпті бұл повесть бойынша «Қазақфильм» киностудиясында көркем фильм түсіріліп, 1967 жылы Канн қаласында өткен Балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің халықаралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Берді аға дәл осы ерекше әңгіменің арқасында танымал болды. Повестің басты кейіпкері – Қожа арманшыл, сотқар бала. Тектектігімен үнемі түрлі жағдайларға тап болып жүретін Қожа ақыл-ойы мен біліктілігінің арқасында қиындықтардан шыға алды. Ол біреудің қайғы-қасіретіне көз жұма қарамайтын елгезек, жоғары әділеттілік сезіміне ие, досқа адал, қайырымды, зұлымдыққа жол бермейтін бала. Ал осы қасиеттердің барлығы оқырмандардың жүрегінен мейірімділік тудырып, Қожа батыр бала атанды.

Бердібек Соқпақбаев тірі кезінде-ақ қазақ балалар әдебиетінің классигі деп аталып кетті. Оның кітаптары ешқашан кітапхана мен дүкен сөрелерінде шаң басып жатқан емес. Жазушының шығармаларын балалар мен ересектер де асыға күтетін. Соқпақбаевтың кітаптарын барлық жастағы оқырмандар мен ұрпақ жақсы көреді.

Қазақ халқының әрбір ақын, жазушыларының өзіндік орны бар. Ұрпақтан – ұрпаққа таралған әрбір туынды құнды деп есептеймін.

Гүлдана ҚҰЛМҰРАТ,

Қостанай қаласы №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі