Есепте тұрған оқушылардың бос уақытын ұйымдастырудың тиімді жолы қандай?

Есепте тұрған оқушылардың бос уақытын ұйымдастырудың тиімді жолы қандай?

Бос уақыт бұл жеке адамның жалпы уақытының отбасылық, қоғамдық міндеттері мен үй шаруасын анықтауға, сондай-ақ физиологиялық қажеттіліктерін ұйықтау, тамақтану және т.б. өтеуге кеткен уақытының қалған бөлігі. Әдебиеттерде «шұғылданымпаздылық» адамдардың демалыс пен ойын сауыққа, өздігінен білім алуға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған ақыл-ой, эстетикалық қимылдық іс-әрекеттері деп түсіндіріледі. Міне, осы бос уақытты тиімді, ұтымды пайдалана білудің өзі тәрбиеге келіп тірелетін секілді.

Тәрбиені күшіне енгізіп, оны бойға сіңіруде «сенімнің» рөлі үлкен. Ал, тәрбие күшіне ену дегеніміз – өз жұмысына, ісіне сену. Себебі, нағыз сенім бар жерде ғана, нағыз талапшылдық, еңбек тәртібі болады.

Қазіргі жас ұрпақтардың – болашақтағы еліміздің ертеңі болып табылатын балалардың сана-сезімін, мінез-құлығын, ақыл-ойын дамыту үшін өзін-өзі басқаруды нығайтып, ұжымдық шығармашылық істерге дағдыландырудың тәлім-тәрбиелік маңызы үлкен. Бұл арада, өмірдің шырғалаңы, тәрбиенің ауытқуы салдарынан ел көзіне түскен балаларды шығармашылық істерге дағдыландырудың үлкен бір жұмыс екенін түсінесің. Бұл арада бұл санатта тұрған оқушылардың ата-аналарымен жұмысты да қарқынды жүргізген абзал деп білемін. С.Көбеев атындағы жалпы білім беретін мектепте есептің қай түріне алынған оқушы болса да, ең алдымен оқушымен жеке жұмыс жүргізіледі. Яғни, оқушымен жеке әңгіме өткізілді, одан сұрақтар алынады, қызығушылығы анықталады. Мақтау-мадақтау жұмыстары жүргізілді. Ақыл-кеңес берілді. Келесі кезеңде оқушының ата-анасымен бірнеше рет мектептің әлеуметтік-психологиялық саласы мамандарымен кездесулер өткізіледі. Әлеуметтік жағдайлары анықталды. Сыныптағы «Отбасы–алтын діңгек», «Бәрі отбасынан басталады» деген тақырыптарда өткізілетін ата – аналар кездесулеріне шақырылады. Ақыл – кеңес беріледі. Келесі кезең психологпен жұмыс: Оқушы психологпен кездеседі, даму ерекшелігі, оқушыға қандай көмек керектігі, темпераменті анықталады. Сынып жетекшілеріне оқушыға көп көңіл бөлу ұсынылды. Психологиялық тесттер алынады да, жеке кеңес беру кестесі беріледі. Міне, осы сәттен бастап, «Заңға бағынышты» болудан ауытқыған балаға, мектепте оқудан тыс уақытта оқушының таңдауына сәйкес келетін, олардың қабілеті мен ішкі қажеттілігін қамтамасыз ететін іс-әрекеттерді ұйымдастыру көзделеді. Соған сай олардың қабілетін ашуға мүмкіндік туғызатын спорт, дене еңбегі, қолөнер, техникалық шығармашылық, т.б. іс-әрекетті үйрету үйірмелері мен секциялар ұйымдастырылады. Әр оқушы кезкелген үйірмеге, секцияға, клубқа өз жүрегінің қалауымен қатысып, өзінің жеке басына тән қасиетін, яғни өзіндік «мендігін» басқаларға танытуға мүмкіндік алады. Әсіресе, ұстазбен оқушының өзара түсіністігі, оқушыға сенім көрсету, іс-әрекетке ерік беру, көтермелеу, адамгершілік қасиеттерін танытуда, өзін-өзі тануға, өзін-өзін тәрбиелеуге жағдай туғызу.

«Түрлі есепте тұрған оқушылардың» барлығына да мектеп бұйрығы бойынша тәлімгерлер тағайындалып, жүз пайыз бос уақыты қамтылған. Яғни, мектепішілік және мектептен тыс үйірме, секцияларға оқушылар тартылған. Атап өтер болсам, мектепішілік – дебат, шахмат, би, тоғызқұмалақ, домбыра, волейбол, роботқұрастыру үйірме, секцияларына барса, ал мектептен тыс – би, сән мектебі, домбыра, тоғызқұмалақ, ағылшын тілі үйірмесі, ән студияларымен бос уақыттары қамтылған.

Бұл жерде мектептегі үйірме, секциялардың жұмысына ерекше тоқталып өткім келеді. Әсіресе, осы «Түрлі есепте тұрған оқушыларды» қамтыған үйірме, секциялардың жұмыстары мектеп әкімшілігі тарапынан ерекше бақылауда ұсталады. Сонымен қатар, осы үйірме, секцияларға балалардың қызығушылықтары да жоғары. Осы тарапта үйірме, секция жетекшілерінің де адами құндылықтары ерекше орын алады. Оған жұмысым барысында көзім жетті. Әр балаға жақын құрбысындай, досындай қарау, баланың өзін еркін ұстауына мүмкіндік жасау қатып қалған қағидаттардан ауытқу, жетекшілер мен оқушылардың бір-біріне деген сенімін молайтып, жақындата түседі. Бала бос уақытында осы жетекшілердің қасынан табылуға асығады. Себебі, өздерін жайлы сезінеді.

Мен оқушыны гүлге теңедім. Оның тамырларын қиын оқушы деп алатын болсақ, ол гүлге ешкімде қарамаса, ата-ана, мектеп те, сынып жетекші де жұмыс жасамайтын болса, онда ол қурап қалған гүл сияқты немесе тамырынан үзіліп қалғандай болады. Ал егер осы гүлге ата-анасы да, сынып жетекшісі де, мектеп те, пән мұғалімдері де гүлді баптап қарап, өсірсе онда ол әдемі раушан гүлдеріндей құлпырып, түзу өсер еді.

Қорыта айтқанда Қоғамда «тәртібінде ауытқушылығы бар бала» болмауы үшін әрбір бала бойына адами құндылық қасиеттерді қалыптастыра отырып тәрбиелеп, заман ағымынан қалыс қалмайтын, білімді, тәрбиелі ұрпақ ұлттымыздың болашағы екендігін ұмытпағанымыз абзал.

Гүлнұр ИСМАГУЛОВА,

С.Көбеев атындағы ЖББМ

директордың тәрбие ісі

жөніндегі орынбасары

Қостанай қаласы

Жаңалықтармен бөлісу