Бейбіт Бөжен «Арлан блогер» шығармасымен республикалық байқау жеңімпазы атанды

Бейбіт Бөжен «Арлан блогер» шығармасымен республикалық байқау жеңімпазы атанды

Облыстық мәдениет басқармасының мәжіліс залында балалар мен жасөспірімдерге арналған ең үздік әдеби шығармаға арналған Ыбырай Алтынсарин атындағы VI республикалық конкурс жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шара көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Алты жыл ішінде байқау отандық авторларды қолдауға, жаңа әдеби есімдерді танытуға және заманауи балалар әдебиетін дамытуға арналған маңызды алаңға айналды. Оның басты ерекшелігі — кәсіби сарапшылармен қатар, балалардан құралған қазылар алқасының да қатысуы.

Бұл жас оқырмандардың қызығушылығы мен талғамын ескеріп, олардың көңілінен шыққан шығармаларды анықтауға мүмкіндік береді.

Байқау қорытындысы бойынша «Қазақ тіліндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығарма» номинациясында Павлодар қаласынан қатысқан Бейбіт Бөжен «Арлан блогер» шығармасымен жеңімпаз атанды.

Автордың айтуынша, ол байқау туралы әлеуметтік желіден білген. Бұған дейін де қатысқысы келгенімен, уақыттың тапшылығына байланысты үлгермеген. Ал ақындықтан прозаға ауысқанына бір жылдай ғана уақыт болған.

– Биыл осы конкурсты естігенде, шынымды айтсам, аң-таң болдым. Балалар әдебиеті — өте күрделі жанр. Осы бағытта үлкен апаларымыз бен ағаларымыздың да қатысып жатқанын естіп, бір қуансам, балалардың да оқып,қатысып, көңілдерінен шыққанын естіп, екі есе қуандым, – дейді Бейбіт Бөжен.

«Арлан блогер» шығармасының идеясы күнделікті өмірдегі қарапайым оқиғадан бастау алған. Автор балаларына iPhone телефондарын алып берген кезде оларды технологияны пайдалы мақсатта қолдануға шақырған.

– Балаларыма: «Кез келген құрал адамға қызмет етуі керек. Осы телефондарды пайдаланып, влог түсіріңдер, мобилографиямен айналысыңдар, видео түсіруді үйреніңдер», – деп айттым. Сол кезде «влог» деген сөз есімде қалып қойды. Кіші ұлымның аты – Арлан. Осылайша, телефон, влог және Арлан деген үш ұғым ойымда тоғысты. Екі-үш күннің ішінде шығарманы толық жазып шықтым, – дейді автор туындының жазылу тарихы туралы.

Жазушының сөзінше, шығарма арқылы оқырманға ұлттық құндылықтарды ұмытпау, этнография мен төл мәдениетті сақтау идеясын жеткізу көзделген. Қазіргі заманғы технологияларды меңгерумен қатар, ұлттық тамырымыздан ажырамау да маңызды.

Бейбіт Бөжен қазақ әдебиетіне үлес қоса алатын жас қаламгерлердің шығармашылықтан қол үзбеуі қажет деп санайды. Оның пікірінше, әдебиетке бейім жастарды қолдап, шығармашылықтарын жалғастыруға мүмкіндік беру маңызды.

– Біздің студенттеріміз оқып, оқуын бітіреді. Олардың арасында керемет прозаиктер, ақындар мен драматургтер бар. Шығармашылығымен көпшілікке танылып, мойындалып жүрген азаматтарымыз да жетерлік. Бірақ кейбірі мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, шығармашылықтан қол үзіп жатады. Олар өз шығармашылығын жалғастырып, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосуы керек деп ойлаймын, – дейді ол.

Осы мақсатта автор «Леп» атты әдеби бірлестік құрып, балалар әдебиетін дамытуға басымдық берген. Бірлестік аясында жас авторларды қолдау, түрлі әдеби жанрларды дамыту және балаларға арналған шығармашылық конкурстар ұйымдастыру қолға алынған.

Бейбіт Бөженнің айтуынша, бұл бастамалардың бірі Абзал Қабдыраш есімді қаламгердің балаларға арналған шығармаларын жалғастыру идеясымен байланысты. Ол танысына еңбектерін әрі қарай дамытып, шығармашылықты тоқтатпауға бірнеше рет кеңес берген. Алайда мемлекеттік қызметтегі жұмысына байланысты уақыты шектеулі болғандықтан, Бейбіт Бөжен шығарманы өзі жалғастыруға рұқсат сұраған.

Қаламгер өзін балалар әдебиетінен гөрі прозаға жақын сезінетінін айтады. Осыдан бір ай бұрын Ұлытау облысында өткен Мұхан Иманжанов пен Баубек Бұлқышев атындағы республикалық проза байқауында бас жүлдені жеңіп алған.

Бейбіт Бөженнің негізгі кәсібі — журналистика. Еңбек жолын газеттен бастаған ол кейін телевидение саласына ауысып, «Айқын» газетінің меншікті тілшісі болып қызмет атқарған. Ал 2011 жылдан бері «ҚазТрансОйл» мұнай компаниясының Павлодар мұнай құбыры басқармасында баспасөз хатшысы қызметін атқарып келеді.

Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық конкурс үздік шығармаларды анықтап қана қоймай, отандық авторларды қолдауға, балалар әдебиетін дамытуға және жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етіп келеді.

Байқау жеңімпаздарының шығармалары «Таза бұлақ» жинағына еніп, Қостанай облысындағы балалар кітапханаларының қорын толықтырады. Бұл жас оқырмандарға заманауи әдеби туындылармен танысуға мүмкіндік береді.

Ділназ Айтуарова

ҚӨУ студенті