Төтенше жағдайлар қызметінің тарих беттерінде қалған 30 жылы –мыңдаған құтқарылған өмір мен қауіпсіздік үшін күн-түн демей еңбек етіп жүрген мамандардың маңдай тері. Осы атаулы күнге орай ұйымдастырылған баспасөз туры журналистерге бейбіт күннің батырларының жұмысын жақынырақ таныстыра түсті.
Турдың алғашқы аялдамасы – Қостанай қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі. Өрт сөндіру бөлімінің ауласына енген сәттен жауынгерлерден тәртіп пен қырағылықтың лебі сезілді. Бөлім бастығы Асхат Алшымбаев қызметтің қыр-сырымен таныстырды. Алдымен мамандар киетін арнайы өрт сөндіруші киімі жайлы айтып өтті.

Отқа төзімді мата, жылу ұстайтын технология, құрал-сайманға арналған қалталар, ішкі бөлігіндегі қорғаныс қабаттары – жан-жақты ойластырылған. Киімді киген тілшілер өздерін нағыз бейбіт күннің батырларындай сезініп, фотоға түсуге асықты.

«Бұл киімдер адамға ыңғайлы болуымен қатар, өмірді қорғау үшін жасалған. Матасы суық өткізбейді, қалташалары құрал-сайманға арналған. Қарапайым форма болғанымен, біздің өмірімізді әрдайым сақтандырып келе жатыр», – дейді бөлім бастығы.
Бөлімде 67 қызметкер жұмыс істейді, 20-дан астам арнайы техника жұмылдырылған. Өрт сөндіру көліктерінің үш түрі бар.


Негізгі бағыттағы көлік – әмбебап көмекші. Қырықтан астам түрлі міндетті атқара алады. Ішіне бес адам отыра алады. Арнайы бағыттағы көлік әскери талапқа сай, ол төменгі қабаттағы қызыл жалынды ауыздықтау мен түнгі жұмыстарға жарық түсіруге таптырмас құрал.
«Кейде өрт сөндіру кезінде санаулы минуттар шешуші рөл ойнайды. Біздің техникаларымыз уақытты үнемдеуге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік береді. Әрбір батырдың артында сенімді көлік тұруы тиіс», – дейді бөлім бастығы.
Бұл бөлім Қостанай қаласының үлкен бөлігін қамтиды. Введен тасжолынан бастап, КСК шағын ауданы, Назарбаев көшесі, Юбилейный ауданы сынды аймақтарға дейін қызмет көрсетеді. Арнайы автобустары мен жылдам қимылдайтын тобы – бұл қызметтерге әрдайым дайын.

Төтенше жағдайлар тек физикалық зардаппен шектелмейді. Адамдар көп жағдайда психологиялық соққы алады. Осы орайда департаментте психологиялық көмек көрсететін мамандардың еңбегі елеулі. Биылдың өзінде сексенге жуық адамға көмек көрсеткен мамандардың қатарында Жансая Әбитова, Александр Радзевич және психолог Жанар Семенованың еңбегі орасан.
«Құтқарушылар денені құтқарса, қиын жағдайда қалған адамға дұрыс сөз айтып, қолдау көрсету дәріден де әсерлі. Біз үшін әрбір адамның жағдайы маңызды», – дейді психолог Жанар Семенова.
Майлин көшесіндегі арнайы жеделқұтқару жасағында әр сәт санаулы. Бөлімше командирі Амангелді Досмайылов бастаған жасақ әрдайым шұғыл шешімге дайын екенін аңғартты.

«Біз бір ғана мақсатпен жұмыс істейміз – көмек керек жерде уақыт жоғалтпай жету. Баланың амандығы, адамның қауіпсіздігі – бәрінен қымбат», – дейді бөлімше командирі.
Арнайы құралмен арматура кесу, арқанмен жоғары өрмелеу – мұның бәрі журналистерге кино көріп отырғандай әсер етті. Бірақ бұл – өмірдің шындығы болатын.

Тілшілер қауымын ерекше қызықтырған бөлімдегі кинологтардың жұмысы болды. Құтқарушы Алмат Күзембаев иттерін келісі бір жорықтарға ықыласымен дайындап жүр.

Қазір оларда үйретілген екі ит пен жаңадан алынған неміс овчаркасының күшігі бар. Иттерге күн сайын арнайы жаттығу өткізіліп, белгіленген затты табу секілді дағдыларға машықтандырады.
«Иттермен жұмыс ерекше жауапкершілікті талап етеді. Олар біздің әр бұйрығымызды қалт жібермей орындай білуі керек. Қиын сәтте іздеуді жалғыз өзің емес, сенімді серігіңмен бірге жүргізу – үлкен артықшылық. Оларда да сезім бар. дауыс беру арқылы іздеген заттың табылғанынан хабар береді. Лезде назар аудару олжаға әкеледі», – дейді Алмат Күзембаев.
Төтенше жағдай кезінде иттердің иіс сезу қабілеті мен бағыныштылығы – үлкен көмек екені осындайда білінеді. Журналистер олардың жаттығу барысын көріп, көздерімен куә болды.

Бірі аузына резеңке ойыншықты тістеп алып қашса, екіншісі артынан қуалап бара жатты. Ал кішкене күшік қонақтардың аяғына оратылып, өзінің әлі жаттықпағанын аңғартып жүр. Көлік ішіндегі иттерге арналған арнайы орындар мен жабдықтар – бұл қызметтің қаншалықты кәсіби деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетті.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Диана Алмасқызы
