Өңірде ауылдарды, кешенді дамыту жоспары жемісті жүзеге асып жатыр. Соңғы жылдары елді мекендердің мұқтажын түгендеп, тұрмыс сапасын арттыруға қолмақты қаржы құйылды. Алдағы мақсат – аталған бағыттағы жұмысты жандандыра түсу. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиында осы мәселе қаралды.
Биыл Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл-аймақты дамытуға бағытталған негізгі міндеттерге ерекше тоқталған-ды. Ол: «Әсіресе, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдауға басымдық беру керек. Ауылдағы тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге мән беру қажет», — деген еді. Осы тапсырманы орындау жолында облыста оңды істер атқарылып жатыр. Отырыста сан саладағы жетістіктер саналып, жоспарлар пысықталды.
Ауыл халқы үшін ең өзекті мәселе сапалы ауыз суы-тын. Перзидент жыл соңына дейін межелеген міндет өңірде толық орындалуға жақын. Бұл үшін соңғы екі жылда 105 жобаға 26,5 млрд теңге бөлінген еді. Биыл 41 жобаға тағы 22,7 млрд теңге құйылды.
«Сондай-ақ жарықтандыруға 2023-2024 жылдары 5,8 млрд, биыл 744 млн теңге бағытталды. Бұл да жоспарлы жұмысты соңына жеткізуге ықпал болды. Ал жергілікті жолдарды жөндеуге жұмсалған қаржы да көлемді. Соңғы екі жылдағы бюджет 40 млрд, биылғы қаражат 29 млрд теңгеден асады. Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет 57 ауылдың кіреберіс жолын жөндеу қолға алынды. 98 ауылдың көшелері бірінші рет асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолағы төселе бастады», – дейді облыстық Экономика және бюджеттік жсопарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ольга Попова.
Елді мекендерде тұрғын үй де көп салына бастады. Оған кезекте тұрған адамдарға арналған бюджет қаржысы жұмсалу үстінде. Мәселен, Федоров ауылында екі жылда екі баспана бой көтерген. 16 пәтерлі үйлер Жангелдин, Қамысты аудандарында пайдалануға берілді. Науырзымда да 18 пәтерлі баспана тұрғызылды. Нақ осындай көп пәтерлі ғимарат Ұзынкөлде де салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар үшін 268 пәтер сатып алынған. Биыл мұның қатарына тағы 43 пәтер қосу жоспарда бар.
«Кәсіпкерлер есебінен салынып жатқан үйлер әр өңірде бар. Мысалы, Ұзынкөлде үш жылда 15 үй, Қарасуда 22 үй, Меңдіқарада 15, Федоровта 11 баспана бой көтерген. Жалпы, екі жыл ішінде ауылдарда 150 мың, биыл 42 мың шаршы метр тұрғын үйдің іргесі қаланды», – деп толықтырды Ольга Попова.
Әлеуметтік сала да ерекше бақылауда. Алдыңғы және өткен жылы он спорт кешені, төрт мәдениет үйі, 25 медициналық нысан салынды. Биыл бөлінген қаржы – 7,5 млрд теңге. Амантоғай, Федоров ауылдарында спорт кешені пайдалануға берілді. Денисовте стадион, Аманқарағайда балабақша күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін Майлин аудан Әйет ауылында, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Жітіара ауданы Милютин ауылында Қарасу ауданы Жалғысқан ауылында медициналық пункт, Қостанай ауданы Жуков елді мекенінде ФАП ашылады. Ұзынкөлде хоккей корды, Торебратта демалыс орталығы ел игілігіне беріледі… Бұл тізімді жалғастырып әкете беруге болады.
«Бүгінде 492 ауылдың 372-сі жақсы сападағы байланыспен қамтылған. Былтыр антеннат-мачта құрылғысы 44 елді мекенде орнатылды. Базалық станция 42 ауылда іске қосылды. Биыл 51 ауылдың байланысын жақсартуға арналған жобалардың жобалық-құндық құжаты әзірленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді», – деді басқарма өкілі.
Ол ауылдық жерде шағын және орта бизнесті қолдау, дамыту бағытыдағы шараларға да кеңінен тоқталып, жыл сайынғы қаржыландыру ауқымын шотқа қақты.
Бұдан соң Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев, Алтынсарин ауданы Большой Чураков ауылының басшысы Берік Ғалым, Жітіқара ауданына қарасты Милютин елді мекенінің әкімі Қайырхан Шынарбаевқа сөз берілді. Спикерлер жергілікті жерде атқарылған жұмыстар, қолға алынған жобалар және алға құрылған жоспарлар жөнінде баяндады. Ал өңір басшысы ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту сапасын жақсату мақсатында аудан-қала басшыларына тапсырма бергенін, ол жүйелі орындалып жатқанын айтты.
«Мемлекет басшысы ауылды дамыту біздің стратегиялық міндетіміз екенін атан өтті. Ауылды дамыту үшін жол жөндеу, сумен қамсыздандыру, жұмыс орындарын ашу, әулеметтік нысандар салу немесе қалпына келтіру қажет. Алдағы 3-4 жылда жолдарды қалпына келітуріміз керек. 2022 жылы бұған 8,5 млрд теңге бөлінсе, 2023-2025 жылдары 69 млрд теңге бағытталды. Үш жылда 182 ауылдық кіреберіс жолы, 105 ауылда 1702 көше жөнделді. Жыл соңына дейін әр ауылға, әр үйге ауыз су кіруі керек. Мұны биыл тәмамдаймыз. Осы жылы 7 мың үй қамтылады. Жарықтандыру жұмысы да қарқынды жүріп жатыр», – деді облыс әкімі.
Ол ауыл-аймақта тұрғын үй салу да тоқтамау керегін сөз етті. Ауыл халқын жұмыспен қамтуға да мемлекет мейлінше жәрдем жасап, инвестициялық бастамаларды іске асыруға қолдау көрсетіп отырғанын айтты.
«Ірілерінен бастасақ, былтыр үш сүт-тауар фермасы салынды. Биыл қазан айының соңына дейін төрт ферма іске қосылуға тиіс. Осы жылы тағы бесеуінің құрылысын бастадық. Бұл, әрине, көп жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мемлекет қолдауын, субсидиясы мен кепілдемесін 671 кәсіпкер пайдаланды. Ол да жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға септігін тигізеді», – деді Құмар Ақсақалов.
Ауыл медицинасын жақсару бағытындағы жұмыстар да жемісті. Ашылған шағын жиынтықты нысандарды қоспағанда, Арқалық және Жітіқара ауруханалары ауданаралық көп бейінді орталыққа айналады. Заманауи ауқымды құрылғылар, мәселен, ангиограф орнатылып, жүрек отасы осы орталықтарда жасала бастайды. Бұл, бір жағынан, білікті мамандар даярлауды, кадр тартуды талап етеді. Сондықтан, өңір басшысының айтуынша, дәрігерлерге арнап жеке тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
«Қабылданып жатқан шаралардың барлығы ауылды дамытып, жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды жақсартуға, бизнесті қолдауға бағытталып отыр. Дамыған ауыл мемлекеттегі экономикалық-әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі. Сондықтан ауылдың әкімдері жобаларды іске асыруға және нысандардың уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуі керек», – деп жиынды түйіндеді облыс басшысы.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
