Қамысты ауданының «Жайылма» театры ерекше қойылыммен көрерменге ой салды

Қамысты ауданының «Жайылма» театры ерекше қойылыммен көрерменге ой салды

Қамысты ауданының 70 жылдық мерейтойы тек салтанатты жиындармен шектелмей, терең мазмұнға, рухани мағынаға толы іс-шаралармен жалғасты.

Солардың бірі аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жайылма» театры сахналаған қойылым болды.

 

Кешкілік мәдени шараға арнайы жиналған қонақтар мен көрермендер Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург Л.Егембердиеваның «Көресіңді көрмей…» атты әлеуметтік мелодрамасын тамашалады.

blank blank blank

Қойылым – көркем туынды ғана емес, қоғамның жүрек ауыртар шындығын бейнелейтін өмір суреті. Қоғамдағы өзекті мәселе ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік пен отбасылық құндылықтар жан-жақты қозғалған бұл драмалық шығарма көрермен көңілінен шығып, терең әсер қалдырды.

 

Спектакльдегі Ақдидар ана рөлін Толқын Айтмағанбетова, Өмірсерік рөлін Еркебұлан Андамас, ұлы Ғалымның рөлін Мәди Байзақов, келіні Шәрипаның рөлін Ақбидай Жеңісхан, Айдар рөлін Асылхан Асылбекұлы, Бикеннің рөлін Диляра Әлмұхамедовалар сомдады.

blank

Бірнеше жылдан бері талай сахналарда қойылып, көрермен көңілінен шыққан бұл туынды жаңадан құрылған театр әртістерінің жанына жақын. Себебі, ол қоғамнан бір, тағдырдан бір тауқымет тартқан ана мұңын жан жүрегімен сезінді. Ой санасын ойсыратып өткен осынау әсерді көрермен көңіліне қапысыз жеткізуге тырысты.

blank

Бір уақ бақытсыз ана кейпіне еніп, шарасыздықтан шарқ ұрды. Жылады, күлді, жұбанды. Спектакльді көре отырып, есірген ұл мен кесапат келіннің әрекетіне күйзелесің, көзіңе жас үйіріледі. Шарасыз қалған ананы аяйсың… Әйтеуір, соңында жанына жұбаныш тапқанына қуанасың.

blank

Оқиғаның желісі былайша өріледі. Бақытты өмір кешіп жатқан жас отбасы тосын жағдайға тап болады. Сүйген жары ұлтшыл деген баппен сотталып кеткеннен кейін Ақдидардың басынан небір ауыр күндер өтеді. Ал, қартайған шағында өзегін жарып шыққан өз баласынан көресіні көреді. Ішкілікке салынып, адамшылықтан безген кіші ұлы мен келіні қарияны үйінен қуып шығады. Қара шаңырағын қимай, артына қарай-қарай кете барған қарт ана қаладағы үлкен ұлының қолына келеді. Мұнда да көңілі жайланбады. Ұлы мен келіні құшақ жая қарсы алғанымен, ауылын ойлап жаны жай таппады. Көңілі жабырқаған кейуана күн сайын Кеңсайға барып, өткен шағын ой елегінен өткізетін. Бірде сол жерден хабарсыз кеткен алғашқы жарын жолықтырады. Осыдан кейін ғана оның өміріне оң өзгеріс енеді.

– Бұл жолы әзіл-сықақ емес, жүрекке ой салатын шынайы оқиғаны сахналадық. Мұндай әлеуметтік мәселелер қазір көп отбасыларда кездесіп жатыр. Сондықтан халыққа ой тастау мақсатында осы қойылымды таңдадық. Қойылымды көрген халық жақсы қабылдауда. Енді Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына орай «Бақытсыз Жамалды» қоюды жоспарлап отырмыз, – дейді театр жетекшісі Еркебұлан Кәрімұлы.

«Жайылма» театры кәсіби сахна майталмандарынан емес, жергілікті тұрғындар, мұғалімдер, үйірме жетекшілері, оқушылар, IT маман, тіпті электрик пен мәдениет қызметкерлерінен құралған. Осы жандар өнерге деген шынайы ықылас пен ынта арқылы біріккен.

Декорация мен костюмдер өз күштерімен әзірленіп, қойылымды дайындауда аудандық мәдениет үйінің ұжымы үлкен еңбек сіңіргені байқалады. Аудан әкімдігі тарапынан арнайы үш штат бөлініп, театр жұмысына қолдау көрсетілуде.

Бұл қойылым ауыл сахнасының да үлкен өнерге бет бұра алатынын көрсетті. Жергілікті халық театрын қолдау арқылы руханиятымыз бен мәдениетіміздің тамыры тереңдей түсері анық. Жайылма театрының болашақтағы шығармашылық ізденістері де сәтті жалғасын табады деген сенім мол.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Дина Нұғманова

Қамысты ауданы