Облыстық «Қостанай таңы» газетінде жарияланған «Мың алғыс саған, анашым!» байқауының шарттарын оқыған сәтте-ақ үстіміздегі жылдың жаңа жылдық дастарқаны есіме түсті. Отбасылық бір-бірімізге құттықтау-тілек айтқан кезімізде әке-шешем алдағы Ұлу жылында менің 13 жас – ең бірінші мүшелден шығатынымды айтып еді. Мүшел жылы менің қолыма кезекті қалам алып, мына байқауда бағымды сынап көруге жол ашып тұрған сияқты.
Біздің жанұямыз алты жаннан тұрамыз. Әкем Дәурен Әбдіқадырұлы – ауыл шаруашылығы саласының қызметкері, анам Гүлжан Әубәкірқызы – мамандығы мұғалім, облыстық кітапханада қызмет жасайды. Ал үлкен ағам Ғабдолғани – Алматы политехникалық университетінің түлегі, жұбайы, жоғары білімді жеңгем Айя екеуі Алматы қаласында мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Екінші ағам Нұрдәулет биыл мектеп бітіреді. Мен өзім қаладағы №10 мектептің оқушысымын. Анамыз бізді өсіріп-тәрбиелеумен қатар, өмір сүруге де етене баулып келе жатқандығының куәсіміз. Сондықтан болар, Алтынай әжем Ғабдолғаниды үш жасының кезінде-ақ: «Біздің Ғанидың түсінігі мол, ертең рақатты сендер осыдан көресіңдер?!» – деп, айналып-толғанып отыратын көрінеді. Әжеміздің сол айтқанын анам ретті жерінде кейінгі бізге де айтып-еске алатыны бар. Анам бізге ешуақытта ұрысып-ренжіген емес. Өйткені бізге қандай да бір тапсырма, нұсқау берсе, олар орындауға лайық, керек іс-амалдар екені көрініп тұрады. Біздің бой-басымыздың таза, тамағымыздың тоқ, киімдеріміздің өзімізге жарасымды болуын кішкентай кезімізден қалыптастырған. Біз, балалар, бәріміз де сурет салуға үйірміз. Үлкен ағаммен екеуміз ән саламыз. Мен қазір жеңіл ырғақты билерді билеуді үйреніп жүрмін. Біз өткен жылы анамның лайықты еңбегіне сай облыстық «АЛАУ» телеарнасының «Ұлағатты отбасы» атты хабарына түстік. Нұрдәулет ағам спортқа, жан-жануарлар дүниесін оқып-зерттеуге ықыласты. Анамыз біздің оқу-тоқуымызға қажетті деген өтініш-тілегімізге мұқият қарайды. Әкеміз жұмыстан келгенде біздің жаңалықтарымыз бен қол жеткізген жетістіктерімізді баяндап береді. Таяуда Исатай көкемнің Назерке деген кішкентай қызы бір жасқа толған-ды. Сонда біз атам мен Алтынай әжемнің немересіне арнап жазған жаңа «Тұсаукесер» әнін хормен қосыла орындап бердік. Анам екі тілді жақсы меңгерген кітапханашы болғандықтан болар, облыстық теледидар хабарларына жиі шығады. Халықты кітап оқуға насихаттайды. Жұмысы жақсы, үнемі мақтау-марапаттар алып отырады. Біз анамызды мақтан етеміз. Анам барлық шаруа мен тұрмыс-тірліктегі түйін-түйіткілдерді әкемнің қас-қабағынан таниды. Әкемізге бірдеңені ескертіп жатқанын мүлде естімеппіз?! Анамыздың көптеген ақыл-ой, үлгі-өнегесін араласатын жолдас-жоралары дастарқан үстінде айтып отыратындарын естіп жүрміз. Анамыз – елдегі бірқатар ағайындардың тұрмыс-тірліктеріне қамқоршы, екі баланың «Тұсауын» кескен сыйлы-баталы ана. Өздерін қоршағандардың санасына кәусар ойымен сәуле сепкен, қатар замандастары ортасында көшбасшы, ретті жерінде тарихтан сыр ақтарған шешен, мәдени-көпшілік шаралардың белсенді ұйымдастырушысы. Өзінің ізгі ойларымен салт-дәстүрді құрметтеп отыратыны – бүкіл отбасы-әулетімізге үлгі. Бақытымыздың бастауы – аяулы, асыл анамыз болса, біздің жаман болуға қақымыз жоқ деп есептеймін.
Айжан Әбдіқадыр,
Қостанай қаласындағы № 10 мектептің 6-сынып оқушысы