Балалығын соғыс ұрлаған

Балалығын соғыс ұрлаған

Соғыс жылдарында бала болып, ойнамаған, тойып тамақ жемеген, соғысқа аттанған әкесі мен ағасын сарыла күтіп, таң қылаң бере егістікке жөнелген бүлдіршіндер – бүгінде немере-шөбересін алақанына аялаған ата-әже. Ұзынкөл ауданында тұратын Кашира Қалиқызы соғыс ұрлаған бала күндері туралы айтқанда көмейден шыққан үн естігеннің денесін шымырлатады.

            «Еңбекке ерте араластым»

            – Балалығымда қызықшылық болмады. Бала күнім ел басына нәубет келіп, халықтың күлкісінен гөрі күрсінуі көп болған заманда өтті, – деп терең күрсініспен бастады әңгімесін тыл ардагері Кашира Қалиқызы.

Сұм соғыс басталғанда Кашира тоғыз жаста еді. Екінші сыныпта оқыды. Әкесі соғысқа алынды. Бала болып ойнайтын, ата-анасының құшағында еркелеп жүрер кезі. Алайда, олай болмады. Таң ата жұмысқа кетіп, кеште шаршап оралатын анасының көмекшісіне айналып, үйдегі бар тірлікке жауаптанды. Соңынан ерген інілеріне бас-көз болды. Картоп теріп, егін оруға көмектесті, еңбекке ерте араласты. Ауыл шетіндегі наубайханадан нан тасыды. Иә, соғыс Кашираны ерте есейтті.

«Шешем үшеуіміз қалдық. Соңымнан ерген екі інім бар. Анам күн шыға кетеді, түнде келеді. Ерте тұрып екі інімді балабақшаға апарып тастаймын. Ойын баласымын ғой кейде оларды алуды ұмытып кетемін. Аш жүрдік. 200 грамм ауқат береді. Шешемнің барып алатын уақыты жоқ. Наубайханадан алған нанды үйге жеткенше жартысын жеп қоямын. Менің балалығымды соғыс ұрлады. Мектепте жақсы оқыдым. Диктант жазғанда сауатты жазатынмын. Қасымда отырған құрбыларым ылғида менен көшіретін. Кейде бермеймін. Сонда: «маған ертең бәліш әкеп беремін» деп алдай бастайды», – деп еске алады өткен күндерді Кашира апа.

 

          «Ата салтымен тұрмысқа шықтым»

1946 жылы әкесі соғыстан оралды. Соғыс аяқталып, елде тыныштық орнай бастаған уақыт. Қоралары малға толып, тұрмысымыз оңала бастапты. Кашираны қазақтың ата салтымен төрт жасымда айттырып қойған екен. Бұлар Қорғанда, олар Қазақстанда тұрады.

«Болашақ жарымның есімі – Бақытжан Баймұхамбетов. Оған ылғида: «сенің айттырып қойған қалыңдығың бар, не бітіріп жүрсің» деп қалжыңдайды екен. Сол кезде ол: «Қазақстанда қыз құрып қалып па?» деп қарсы жауап қатады екен. Сөйтіп, уақыт өте береді. Бір күні Қазақстаннан әкеме хат келді. Сұрап едім, ашып айтпады. «Өзіміздің Бақытжан екен ғой» деп қоя салды. Бір күні мектеп директор ағасы Қорғанда біздің ауылда тұрады. Әлгілер қызды көреміз деп сау етіп жетіп келіпті. Әке-шешем мені көпке дейін қимады. Тұңғышы әрі үйдің еркесі едім. Содан әлгілер мені алмай кетпейміз деп бір жеті жатты. Содан әкем: «анамнан өзінен сұрашы» депті. Содан мен: «барамын» деп келісімімді бердім. Маған құда түсіп келді. Содан мені ағайын-жекжат бәрі жиналып, бір шабадан жасауымды қосып, басыма бөртпе шәлі салып, ұзатты. Жарым Бақытжанмен жарасып өмір сүрдік.

 

Бейнеттің зейнеті

Ауыр балалықты басынан өткерген Кашира апа бүгінге күніне мың да бір шүкіршілік етеді. 1951 жылы тұрмысқа шыққан ол, жолдасына да балаларына да өте разы. Дүниеге екі қыз, екі ұл келді. Күйеуім қызметте. Арқа сүйері болды.

Ұзынкөл ауданының Киров совхозына келін боп түскен Кашира апамыз Бақытжан ағамызбен төрт жылдай тұрады. Ағайындардың шақыруымен Абай елдімекеніне көшіп келеді. Бақытжан Баймұхамбетов бухгалтер-есепші болып осында еңбек етеді. Киев совхозында 28 жылдай тұрады. Сосын тұңғышы Балтагерей қызмет бабымен Суворов совхозында ауылнай болып барады. Кейін Ұзынкөлге қызмет бабымен ауысады.

«Он үш жыл оттасқаннан кейін аяқастынан бүйрегі сыр берді. Емделмеген жері жоқ. Қырымға дейін барды. Ақыры, төтеннен тиген дерт ақыры арқа сүйер азаматымды алып тынды. Төрт баламен жесір қалдым. Жалғыз өзіме қиын болды. Үй мен түздің шаруасын қатар алып жүру керек. Бір қора мал бақтым, құс ұстадым. Тоғыз жыл байланыс саласында, он бір жыл сүт фирмасында меңгеруші болып еңбек еттім. Балалар жетілген соң, жұмысты тастадым. Бәріне жоғарғы білім бердім. Төрт тұяқтың бәрі де жетілді. Тәубе, балаларым қатарынан кем болмай, үмітімді ақтады. Қазір қара шаңырақта кенже баламның қолындамын, –  дейді көпті көрген ана.

Бүгінгі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, немере-шөбере сүйіп отырған асыл әже. Ұзақ жыл сүт фирмасында,  байланыс саласында жемісті еңбек еткен үлгілі еңбеккер.

Тоқсаннан асқан ана жайлы балаларының пікірі де жылы.

Аналарыңыз үйде қандай еді деген сауалымызға қызы Гүлнар жауап берді:

«Қатаң бірақ мейірімді. Тәртіпті жақсы көретін. Бізден соны талап ететін. Біз содан жаман болған жоқпыз. Анам жайлы көп естеліктер келтіруге болады. Оның балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс өтті. Бала болса да, еңбекке ерте араласты. Тоғыз-он жасында картоп жинап, масақ тердік деп айтып отыратын. Ауыр жылдарды басынан өткерді. Кейін Президенттің Жарлығымен 1942-45 жылдары еңбекке араласқан балалар «тыл ардагері» мәртебесіне теңестірілді. Анам тыл ардагері атанды. Онан кейін «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы» мерейтойлық медалімен наградталды.

-Анаңыздың қандай қасиетін бағалайсыз?

Әкем қайтыс болғаннан кейін жалғыз жұмыс істеп жүріп, бізді оқытты. Балтагерей деген інім сырттай оқимын дегенде, келіспеді. Сырттай білім болмайды деп. Біздің білім алуымызға қатты көңіл бөлді. Жалғыз жүріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтығы шоқытырмай, жетілдірді.

Ұзынкөл ауданы.

Суретті түсірген Әсел Жандосқызы.

Жаңалықтармен бөлісу