Балаларды коляскасымен қоғамдық көлікте алып жүруге тыйым салынғаны туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.
ҚР Көлік министрлігі қолданыстағы қағидалар ата-аналардың балаларымен бірге автобусқа мінуіне шектеу қоймайтынын түсіндірді.
«Қолданыстағы қағидалар ата-аналардың балалар коляскасымен қоғамдық көлікте жүруіне тыйым салмайды. Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, автобус салоны шамадан тыс толған жағдайда, ата-анаға арналған бос орын болған кезде балалар коляскасын жиналған күйде алып жүру көзделген. Бұл ретте коляска жолаушылардың еркін қозғалуына кедергі келтірмеуі тиіс», – делінген ресми мәлімдемеде.
Аталған талап жолаушылардың, оның ішінде балалар мен оларды алып жүретін ата-аналардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ автобус салонындағы еркін өту жолын сақтауға бағытталған.
Егер ата-анаға балалар коляскасын жинау қолайсыз болса, ол сапарын колясканы жайылған күйінде жалғастыра алады.
Бұл ретте айыппұл салу, жолаушыны автобустан түсіру немесе өзге де санкциялар қолдану көзделмеген.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, автобус салоны шамадан тыс толған жағдайда және ата-анаға арналған бос орын болған кезде балалар коляскасын жинап алып жүру ұсынылады.
