Балабақшаларда тамақ бағасы қымбаттады

Балабақшаларда тамақ бағасы қымбаттады

Қостанайлық көп балалы ата-аналар балабақша ақысы қымбаттағаны көрсетілген түбіртек алғанын айтып  шағымданды. Бұл мәселенің жайын Қостанай қалалық білім бөлімі мамандарынан білгенімізде: «Балаларды тамақтандыру бағасы 2% ғана қымбаттады» деп түсіндірді.

Мәселен, қала тұрғыны Қымбаттың екі бірдей баласы қаладағы мемлекеттік балабақшаға барады. Ол жердегі ай сайынғы  төлемінің қымбаттағаны отбасы бюджетіне қиын тигендігін айтады. Енді ол отбасы екі баласы үшін 40 мың теңге төлеуге мәжбүр.

Оның айтуынша, айлық төлемнің өсуіне балаларды тамақтандыру бағасының қымбаттауы себеп болған.

“Менің екі балам да мемлекеттік балабақшаға барады. Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап балабақшада тамақтың бағасы өскенін естідім. Бұл туралы баламның тәрбиешісі алдын ала хабарлап, ескертті. Бағаның көтерілгені отбасылық бюджетке әсер етеді. Өзім декретте отырған анамын. Қазіргі уақытта жолдасым ғана табыс тауып отыр. Сондықтан балабақша ақшасының өскені үйдегі қаржылық жағдайға да әсерін тигізеді. Екіншіден, баға өскенімен балабақшаның мәзірі өзгеретін түрі жоқ. Тамақтары құнарсыз, көңілім толмайды. Жылда бағаны өсіреді, ал мәзір өзгеріссіз қала береді. Неге? Көбінесе балаларым балабақшадан қарындары ашып келеді. Мәзірге ұлттық тағамдары қосуға болмай ма?” – деген ұсыныс айтады үш баланың анасы.

Қостанай қалалық білім бөлімі мамандарының «Қостанай таңына» берген жауабы төмендегідей  қаз қалпында беруді жөн көрдік:

“Қостанай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №587 «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын, ата-аналар төлемінің мөлшерін бекіту туралы» қаулысының негізінде 2024 жылғы 3 қаңтардағы тамақтандыру мөлшері мектепке дейінгі ұйымдарда 500 теңгеге өсті. Енді балабақшалардағы тамақтану үшін ата-ана төлемінің мөлшері:  3 жылға дейін – 18190, 3 жастан бастап – 21380. (бұрын 3 жылға дейін 17690 3 жылдан 20880 теңге).

Азық-түлік бағасы көтерілгендіктен, тамақтың құнының өсуі мәжбүрлі болып отыр. Бұл ретте, мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың жекелеген санаттары бюджет қаражаты есебінен, яғни тегін тамақтандырылатынын хабарлаймыз. Тамақ мүгедек балалар, жетімдер, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылардың отбасы балаларына, көп балалы отбасыларыға, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар балаларға тегін беріледі:

Қазіргі таңда Қостанай қаласы бойынша 1628 тәрбиеленуші тегін тамақпен қамтылған.

Жоғарыда аталған санаттардың кез келгеніне сәйкес келетін бала қандай да бір себептермен әлі күнге дейін мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылмаған болса, білім бөліміне -54-36-14 телефоны арқылы хабарласып, кеңес алуды ұсынады.

Айта кету керек, бүгінгі күні Қостанай қаласы бойынша 24 мемлекеттік, 46 жекеменшік балабақша жұмыс істеп тұр. Тамақ бағасы барлығына бірдей қымбаттады”.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу