Аяжан – Науырзым аруы

Аяжан – Науырзым аруы

Қарамеңді ауылында ақылына көркі сай аруларымыз «Науырзым аруы – 2025» байқауында бақ сынады. Науырзым ауданында көптен бері мұндай байқау болмаған еді. Зал лық толып, қошеметін аямады. Ал қыздар бірінен-бірі өтетін көркем де әсем.

Байқау ауданның 60 жылдығы және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудандық тілдерді оқыту орталығы мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асты. 17-24 жас аралығындағы 7 ару 4 кезең бойынша сынға түсті. Алдымен арулар «Мен қазақтың қызымын» деп аталатын алғашқы бөлімде өздерін көрерменге таныстырса, «Дәстүрі алтын қызынам» кезеңінде қатысушылар өздерінің білімдері мен зеректілігін көрсетіп, экранда көрсетілген салт-дәстүр мен мақал-мателге қатысты сұрақтарға жауап берді. «Өнерлі өрге жүзер» кезеңінде өнерін паш етті.

Бірі мың бұрала билесе, бірі әсем әнді әуелетті. Ал, монолог оқыған қыздардың өнеріне отырған жұртшылық таңдай қағып, тамсана түсті. Қазақтың ұлттық киімін киіп, сахнаны құлпыртып жебірген соңғы «Сұлулық сыры» кезеңінде қыздар әр киімнің мән-маңызын ашып, сипаттап берді. Қазылар алқасы қыздарға әшекей бұйымға қатысты сұрақтар қойып, берген жауабына қарай сөйлеу мәнерін, танымын, білімін де байқады. Қазақтың киім үлгісі бай ғой, шіркін! Қыздар киген ұлттық киім болмысымызды ашып, көктем лебін әкелгендей болды.

«Көктем маңызды мерекелердің тоғысуымен басталды. Осыны ескере отырып, ауданда қыз сыны байқауын өткізуді қолға алдық. Қыз – болашақ ана, ұлттың ұйытқысы. Тілі таза, шұрайлы болса бір отбасын ғана емес, ұрпағының тілін дамытады. Қыздар арқылы қазақ тiлінiң мәртебесiн арттырып, ұлттық салт-дәстүрді сіңіріп, әдет-ғұрыпты насихаттауды көздедік. Байқауға қатысушылар өнерлерiн барынша ашып көрсетуге тырысты. Бірі сөзімен баураса, бірі сұлулығымен тәнті етті. Байқау жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Мұндай қыз сыны аудан көлемінде бірінші рет өткізіліп тұрған шығар», – дейді аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры Жадыра Тасанова.

Сонымен байқаудың бас жүлдесі “Науырзым аруы -2025” атағын қарамеңділік 17 жасар Төлеубек Аяжан Саматқызы жеңіп алды.

“Қазақи ару” номинациясы Шолақсай ауылынан келген Марал Аралға бұйырса, “Сымбатты ару” номинациясын шолақсайлық Гүлназ Сағи алды. Қожа ауылынан келген 17 жасар Диана Көмекбай “Ақылды ару”, Қарамеңді ауылдық округінен қатысқан Ақниет Ысқақоваға “Өнерлі ару” атанды. Ал Айжан Ерғали “Көрермен көзайымы”, Динара Әуесханова “Кеартивті ару” атанды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суреттерді түсірген Жібек Мырзағали

Науырзым ауданы

Жаңалықтармен бөлісу