Әкеден үлгі: Ғазизовтардың спорттық әулеті

Әкеден үлгі: Ғазизовтардың спорттық әулеті

Қостанай қаласының Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жұмыс істейтін Ерсін Ғазиз бүгінде жас өрендерді боксқа шыңдап жүр. Ол өзі ҚР спорт шебері, ҚР чемпионы, Әлем чемпионатының және түрлі халықаралық турнирлердің қатысушысы. Әкесі Асқарбек Ғазизов пен ағасы дулатбек Ғазизов та ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушылары.

Негізі туған мекендері Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласы.
Спортшылар әулеті бүгінде жеке жетістіктерімен бірге, шәкірттерінің де алған асуларына марқаяды. Кейіпкердің сөзінше, бокс ерекше тәртіп пен шыдамдылықты қажет етеді дейді.

“Әр тәрбиеленушіге ерекше көзқарас, қарым-қатынас керек. Спорттық дағдыларды ғана емес, еңбекке деген төзімділік пен құрмет сияқты өмірлік қасиеттерді де санасына сіңіру маңызды”, – дейді Ерсін Ғазиз.

Жаттықтырушыдан бүгінде 30-дан аса бала тәлім алады. Оның тәрбиеленушілері түрлі жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Жыл басында жас боксшылар КСРО Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мереке Жүсіповтың құрметіне орай, Ақмола облысының Красный Яр ауылында өткен турнирде түрлі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.

Ерсін Ғазиз өз отбасының саладағы ісін жалғастырып, жас ұрпақты жаттықтырып, жаңа чемпиондарды тәрбиелеуде қажырлы тер төгіп келеді. Спортшылар шыққан әулеттің тарихы жастарды тәрбиелеуде және ынталандыруда маңызды рөл атқарады.

Сералы МЫРЗАБАЙ,
Жанбосын НОҒАЕВ,
ҚӨУ студенті

Жаңалықтармен бөлісу