Ауылда басталған үлкен арман

Ауылда басталған үлкен арман

Ауыл – тіршіліктің қайнар көзі, еңбектің нағыз мекені. Бүгінде елімізде ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаулар мыңдаған адамдардың өміріне жаңа тыныс беріп отыр. Соның жарқын мысалы, Қамысты ауылында тұратын, үш баланың анасы, еңбекқор жан – Диана Нестерова.

Диана – көпбалалы ана, отбасының тірегі. Үлкен қызы ерекше күтімді қажет етеді, Қостанай қаласындағы түзету мектебінде оқиды. Үнемі облыс орталығына қатынау, мектепке қажетті шығындар, отбасының негізгі бюджетін қамту нәзік жанның мойнында. Осындай қиындықтарға қарамастан ол «еңбектеніп, қол қусырып отырмай, өз кәсібімді бастау керек» деген батыл шешімге келеді.

Алайда ауылда мал шаруашылығын бастау оңай емес – алғашқы қаржы керек. Осы кезде жергілікті жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекеттік грант жайлы естіпті. Бизнес-жоспар жазып, құжаттарын дайындап, өткен жылы 1,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алады.

Алынған қаражатқа Диана үш бас ірі қара мал – өсім алу, табынды ұлғайту мақсатында екі торпақ, асыл тұқымды сауынды сиыр сатып алады.

Нестеровтар үшін малды таңдау, іздеу – оңай болған жоқ. Өз ісіне мұқият қараған ерлі-зайыптылар торпақтарды Жітіқара ауданы, Тоқтарово ауылынан, ал сауын сиырды Денисов ауданындағы Антонов ауылынан сатып алды. Сиыр жуас, қолға тез үйреніп, сүтті жақсы береді. Ал торпақтар жас болғандықтан әзірге аулада бағылуда. Жерге үйреніп, жуасып алған соң, келесі жылы табынға қосу жоспарланған.

Барлық мал ветеринарлық бақылаудан өтіп, арнайы карантин мерзімінен кейін ғана жайылымға шығарылған. Денсаулығы жақсы, құжаттары түгел.

Қазір Диана бір сиырды сауып, ауылдастарына табиғи сүт, май, қаймақ, сүзбе сата бастады. Тұрақты тұтынушылары пайда болып, көрші ауылдардан да хабарласатындар бар. Өнімінің табиғилығын көрген жұрт қайта-қайта келіп жатады.

«Көп емес, бірақ алғашқы табыс бар. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Таза өнім ұсынып, халықтың алғысын алу – еңбегімнің жемісі», – дейді ол.

Диана өз шаруасын «Нестерова» жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, барлық салықтық есептерін заңды түрде тапсырып отыр. Қасында кеңес беріп, қолдау көрсетіп жүрген тәжірибелі бухгалтер – Измаил Иставлетов.

Кеіпкеріміз бұған дейін бірнеше жұмыс орнында еңбек еткен: 2023 жылы «Қайрат» ӨКФ» серіктестігінде, кейінірек «ҚАМЫСТЫ» ЖШС-де су бақылаушы болып істеген. Бірақ отбасы, әсіресе ерекше күтімді қажет ететін баласының жағдайына қарай, ресми жұмыстан шығып, өз ісін бастау жолын таңдады.

«Ауылда кәсіп жасау, оңай емес. Бірақ мүмкіндік берілсе, әр адам өз орнын таба алады. Мал ұстау – маған бала кезден жақын іс. Тек бастауға серпін керек болды. Сол серпінді мемлекет берді», – дейді кәсіп иесі.

Алдағы жоспары – мал санын көбейтіп, өнім түрлерін арттыру. Сүт өңдеу цехын ашуды, сүтті тереңірек өңдеуді, қатық, айран, ірімшік шығару ісін қолға алуды да армандайды.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қайтарымсыз гранттар, оқыту курстары, кеңес беру бағдарламалары ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға зор мүмкіндік беріп отыр. Кәсіп ашуға ниеті бар жандар үшін нақты көмек.

Нестеровадай аналардың табандылығы мен еңбегі – ауылдағы өзгерістің, дамудың басты негізі. Мемлекет беріп отырған мүмкіндікті тиімді пайдалана білген адам өз өмірін ғана емес, айналасындағы жандардың да тұрмысын өзгерте алады. Бүгінгі күні Диана бастаған шағын іс ертең үлкен шаруашылыққа айналуы мүмкін. Өйткені, нағыз табыс – еңбектің дәмін татқанда келеді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Қамысты ауданы