Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің бүгінгі хал-ахуалы туралы сұрақтарымызға жауап беріп, әртүрлі қолдау бағдарламалары жөнінде ақпарат берді.
– Арман Тарғынұлы, елімізде ауыл шаруашылығы саласына ерекше мән беріліп келеді. Өңірде бұл бағытта қандай мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда?
– Мемлекет басшысы өткен жылы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алғашқы форумында аграрлық секторды дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берген еді. Соған сәйкес, 2024 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешеніне 175 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 42 млрд теңге ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шығындарын өтеуге және субсидиялауға бағытталды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп.
Шаруашылықтарды қаржыландыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып отыр. «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Сондай-ақ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5%-бен лизингке алу мүмкіндігі бар. Көктемгі егіс және егін жинау науқаны үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 82,5 млрд теңге, ал форвардтық сатып алу бойынша «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 11,1 млрд теңге бөлінді. Мұның бәрі, қарап тұрсаңыз,ауыл шаруашылығына жасалған үлкен қолдау.
– Былтыр ауа райы қолайсыз болды. Бұл жағдай егін жинау науқанына қаншалықты әсер етті? Биылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қалай жүргізілуде?
– Өткен жылы жауын-шашын көп түсіп, егін жинау жұмыстарына қиындық тудырды. Бірақ мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар егінді аурулардан, зиянкестерден қорғап, шығынды барынша азайта алды. Соның нәтижесінде, 6 млн тонна дәнді дақыл жиналып, орташа өнімділік 14,1 центнерден айналды. Майлы дақылдардың жалпы көлемі 510 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш.
Биыл облыста 5 млн гектардан астам алқапта егін егу жоспарланған. Егістік науқанына қажетті барлық ресурс жеткілікті. Табиғаттың «тосынсыйы» болмайды деген үміттеміз. Мемлекет жеңілдікті дизель отынын да уақытылы бөлді: көктемгі егіске – 80,9 мың тонна, егін жинау жұмыстарына – 83,3 мың тонна. Сонымен қатар, суармалы егіншілікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл суару алаңы 8430 гектарға жетті, ал қосымша 5033 гектар алқапқа суару жүйесін енгізу жоспарлануда.
– Шаруашылықтардың техникалық базасы қаншалықты жаңартылуда?
– Өнімділікті арттыру үшін заманауи техниканың рөлі зор. Сондықтан былтыр облыста 503 трактор мен 241 астық жинайтын комбайн сатып алынды. Жалпы, техника жаңарту көрсеткіші 6,1%-ға тең. Биыл оны 7,1%-ға дейін жеткізу жоспарда бар.
– Мал шаруашылығы саласында қандай даму динамикасы байқалады?
– Мал шаруашылығы тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2024 жылы бұл салаға 11 млрд теңге инвестиция тартылып, 15 жаңа жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 11 жоба – ет өндірісіне, 2 жоба – сүтті мал шаруашылығына, тағы 2 жоба – құс шаруашылығына бағытталды. Биыл жалпы сомасы 37,3 млрд теңгені болатын 18 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Былтыр ірі қара мал 4%, жылқы 11,9%, қой мен ешкі 3%, құс 1,7% өсті. Биыл ірі қара мал басын 9,8% көбейтіп, 434,2 мың басқа дейін жеткізу көзделген. Сонымен қатар, асыл тұқымды мал өсіруді дамытуға ерекше назар аударылуда. Биыл облысқа 1224 бас асыл тұқымды ірі қара әкелінді, ал жыл соңына дейін тағы 2300 бас мал жеткізіледі.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында қандай жетістіктер бар?
– Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы олардың жалпы өндіріс көлемі 429 млрд теңгеге жетті. Әсіресе, жарма өндірісі 6,4 есе, ірімшік өндірісі 34,6%, ет консервілері 27%, өсімдік майы 17,1% артты.
– Агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестициялар туралы не айтасыз?
– 2024 жылы облыста 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 27 млрд теңге инвестиция тартылды. Алдағы үш жылға арналған Жол картасы әзірленді. 2025-2027 жылдары 76 инвестициялық жоба іске қосылады. Оның ішінде 45 жоба – мал шаруашылығында, 19 жоба – өсімдік шаруашылығында, 12 жоба – қайта өңдеу секторында жүзеге асады. Жалпы инвестиция көлемі 260 млрд теңгеден асады, 2,7 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, импорттық тәуелділікті төмендетеді. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл халқының әл-ауқаты жақсарады. Бұл ауыл шаруашылығы саласының дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ