Ауыл кітапханасы оқырмандарына ерекше тосынсый жасады

Ауыл кітапханасы оқырмандарына ерекше тосынсый жасады

Ауылдық кітапханаларда оқуға деген қоғамдық қызығушылықты арттырып, кітапханаға жаңа оқырмандарды тарту күрделі мәселе. Ол жұмыстарды алғашқылардың бірі болып Садчиков модельді ауылдық кітапханасы қолға алды.

«Шекарасыз кітапхана» атты ашық есік күніне келген қонақтармен жалпы оқырман қауымға қызықты да танымды акция алаңдары ұйымдастырылды.

“Ашық есік күніне келген ауыл тұрғындары III облыстық «#ОқыЖәнеЖең» онлайн кітап оқубайқауы басталатыны туралы хабардар етілді. Әрбір тұрғынының кітап оқып қана қоймай, ол үшін 50000-нан 150000 теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар алуға мүмкіндігі бар екенін, байқау қазақ және орыс тілдерінде үш жас санаты бойынша өткізілетіні туралы түсіндірме жұмысы жүргізілді. «Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра» айдарымен қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты – жас ұрпаққа қазақ халқының ұлттық қолтаңбасын, өнерін, салт-дәстүрін дәріптеу, мақтаныш ету. Ұлттық өнер – халқымыздың қолданбалы өнерінің ең биік жетістіктерінің бірі.  Осы уақытқа дейін күнделікті тіршілікте қолданылып келген түрлі ою-өрнектер, әшекей бұйымдар – талай ұрпақтың ақыл-ойының жемісі екені насихатталды”, – дейді Садчиков модельді ауылдық кітапхана меңгерушісі Алтын Ержанова.

Сонымен қатар, әшекей бұйымдар жасау бойынша шеберлік класы өткізілді. Ал қазыналы әжелер болса, өз тараптарынан қыз балаға қатысты әшекей бұйымдарына шолу жасап, олардың мағынасын, тәрбиелік мәнін түсіндіріп берді.

«Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ұйымдастырылған көрмеде проза жанры бойынша көпшілік дауыспен ұлтымыздың көрнекті жазушысы, ақын, сыншы, аудармашы, суреткер Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын оқу ұсынылды.  Поэзия жанры бойынша мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтетін  Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары таңдалды. Сол сияқты келушілер «Атаулы күндер» айдары бойынша мерейгер жазушылар мен кітаптардың көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды.

Онда шыққанына 135 жыл болған Абайдың «Қара сөздері», 160 жылдық тарихы бар «Қозы Көрпеш Баян Сұлу», 110 жыл бұрын жазылған С.Торайғыровтың «Кім жазықты?» романы, сол сияқты орыс тіліне аударылғанына 155 жыл толған «Ер Тарғын» дастаны, А.С.Пушкиннің 205 жыл бұрын жазылған «Руслан и Людмила» поэмасы оқырмандар назарына ұсынылды.

«Ашық есік күні» аясында ең белсенді кітапхана А.Охотников, Т.Новичкова, С.Бекмағамбетов, Г.Искакова, Н.Старовик, П.Дельхман, А.Сторожук, Н.Диль, Н.Шерудило сынды  оқырмандары Алғыс хатпен марапатталды.

Бүгінгі таңда кітапхана жанынан құрылған «Истоки», «Қазына», «Почемучка» атты үш клуб жұмыс істейді.  Олардың қатары тағы бір ұжыммен толықты. Жас ұрпақты ұлттық құндылықты ұлықтауға баулу, отбасылық тәрбиенің озық тәжірибесін насихаттау, өскелең ұрпақты ұлттық салт-дәстүрлер негізінде тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және нығайту, аға буынға құрмет көрсетуге тәрбиелеу, өнерге баулу мақсатында бастауыш және орта буын сынып оқушыларынан құралған «Өркен» клубының тұсауы кесілді.

«Истоки» клубының мүшелері келген қонақтарға әртүрлі шөптен жасалған шайларын ұсынып, олардың пайдасы жайында, шөпті шайды қалай кептіретіні туралы айтып берді.

Іс-шара соңында ауыл зейнеткерлерінен құралған «Қазына» клубының мүшелері «Кешір мені, Ана!» атты отбасылық тәрбиелік мәнге ие сахналық қойылымды көпшіліктің назарына ұсынды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Қостанай ауданы

Жаңалықтармен бөлісу