Арқалықтағы Ержановтар отбасы бизнесте ел нарығына шығуды көздейді

Арқалықтағы Ержановтар отбасы бизнесте ел нарығына шығуды көздейді

Биылдан бастап мемлекет басшысының тапсырмасымен жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін жылдық 2,5% – пен 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несиелер  беріле бастады. Қаржы “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ  арқылы төленеді. Облыстық жұмыспен қамту  және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенованың айтуынша, үстіміздегі жылы  21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға кемінде 180-дей несие  беру жоспарланып отыр. Бұған республикалық бюджеттен 900 млн теңге қарастырылған.

Несие  мерзімі 5 жыл, ал мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндер несиесін  7 жылдың ішінде өтей алады.

      –Несие алу үшін ең алдымен кепілдік мүліктің болуы міндетті. Үміткерлерге негізгі борыш пен сыйақыны өтеуге  уақыт беріледі.  Үміткерлердің өтініштерін қарау үшін әрі облыста бизнес-жобаларды іріктеу мақсатында  конкурстық комиссия құрылды. Комиссия құрамына жергілікті атқарушы және өкілді органдардың, “Атамекен” өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктің, ғылыми-білім беру мекемесінің өкілдері, бизнес, өңірлік БАҚ өкілдері, салалық сарапшы кіреді. Бүгінге дейін конкурстық комиссия 10 отырыс өткізді. Оның барысында 411,7 млн теңгеге бағаланған   89 үміткердің бизнес-жобасы мақұлданды,– дейді Гүлнар Әбенова.

Арқалық қаласының тұрғыны Раушан Жарылқасынованың кәсіпкерлікпен айналысқанына төрт жылдан асты. Бұған дейін жеке кәсіпкер ретіне екі рет грант қорғаған ол бұл жолы жеңілдетілген несие алуға бел буыпты. Мақсаты – шағын қалада торт, пицца қораптарын, арнайы логотипі бар сыйлық қорапшаларын шығарып, сату.

     –Бұл жастар үшін үлкен қолдау деп білемін. Біз де осы бағдарламаға қатысып, өз бағымызды сынап көруге тырыстық. Мұның алдына күйеуім екеуміз  арнайы курста оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп келгенбіз. Жолымыз болды. Комиссия алдында өз бизнес-жоспарымды сәтті қорғап, 5 млн теңге несиеге қолымыз жетті. Мына өзіңіз көріп тұрған нысанды сатып алдық. Қазір ішін жөндеп жатырмыз.  Қондырғыны Ресейден алдырттық. Бір жарым ай дегенде  әкелді. Енді көп ұзатпай жұмысты бастаймыз. Әзірге шикізатты Алматыдан алдырта тұрамыз. Болашақта оны да өзіміз шығарамыз,–дейді Раушан Бауыржанқызы.

Кәсібіміз өзін-өзі ақтайды деп үлкен сеніммен айтып отыр ол. Өйткені, дәл қазір Арқалықта бұларға бірде-бір бәсекелес жоқ.

–Мәселен, пицца, торт әзірлейтін кәсіпорындар дайын қораптарды  немесе кішігірім сыйлық салуға қажетті қорапшаларды 80 теңгеден Алматыдан алдырғанша, 60 теңгеден бізден алғаны әлдеқайда тиімді емес пе. Оның үстіне Арқалықтағы дүкендерде сатып алған затыңды әлі күнге пакетке салып береді. Ендеше, бастаған ісіміз өзін толық ақтауы тиіс”, – дейді кәсіпкер келіншек.

Раушанның күйеуі Айдос Ержанов әскери қызметкер. Ол отбасылық кәсіппен айналысуды бірден құп көріп, келіншегіне үнемі қолдау білдіріп отырады. Ерлі-зайыптылар келешекте тек Арқалық қана емес, тұтас ел нарығына шығуды көздейді.

Бүгінгі күнге текті “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ  682,5 млн. теңгеге бағаланған  150 өтініш қабылдаған. Оның ішінде  43 бизнес-жоба мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. 30 бизнес– жоба қоғамдық тамақтану, жолаушылар және жүк тасымалы және т. б. тәрізді қызмет көрсету саласына, 15 жоба сауда саласына, 1 жоба ара шаруашылығына тиісілі.

Айта кетейік, несие  беру шарттарына сәйкес жас кәсіпкерлерді салық органдарында тіркеу мерзімі бес жылдан аспауға тиіс.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу