«Жас сарбаз» слеті мектептер мен колледждердің әскери-патриоттық «Жас сарбаз» үйірмелері арасында ұйымдастырылды.
Жалпы, жарысқа 14 команда қатысты.
«Слетті өткізудегі басты ұстанымымыз – «Мектеп-колледж» оқу орындарын байланыстыратын кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жандандыру және әскери-патриоттық «Жас сарбаз» үйірмелерінің тактикалық оқу-жаттыуларын пысықтау. Іс-шарамызға Ауған соғысының ардагерлері және қаламыздың барлық Қарулы күштері мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Жиынымыз өте кең-ауқымды түрде, жоғары деңгейде қамтылып, жас сарбаздықтардың алғашқы әскери дайындықтарынан жоғары екенін көрсетті. Қалалық білім бөлімінің білім беру мекемелері мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының әскери-патриоттық «Жас сарбаз» үйірме жетекшілеріне және қолдау көрсеткен ҚР ҚМ №44803-Г әскери бөлім командирі мен жеке құрамына зор алғысымызды білдіреміз», – дейді Қазтұтынуодағы Арқалық көпсалалы колледжі директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Сандыбай Үсенбаев.
Командалардың үкілеп әкелген сайыпқырандары кермеге тартылып, денені шалқасынан жатып көтерді. Пневматикалық мылтықтан тізеге тіреп ату жаттығуларын көрсетті. Калашников автоматын жартылай бөлшектеп, жинақтады.

Нәтижесінде бірінші орынды А. Құнанбаев атындағы №6 мектеп-гимназиясы (жетекшісі — Жаслан Сәлімжанов), екінші орынды Ә. Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектебі (ЖББМ) (жетекшісі — Мереке Сыздықов), үшінші орынды Кейкі батыр атындағы №4 ЖББМ командасы (жетекшісі — Манарбек Каркимбаев) жеңіп алды. Жеңімпаз командалар мадақтама және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
