Екідің ауылының су тасқынынан дүние-мүлкі бүлінген 19 тұрғынына 5 миллион 683 мың 982 теңге төленді.
Залал келтірілген мүліктердің есебін тәуелсіз бағалаушы есептейді. Тәуелсіз бағалаушы нарықтағы ұқсас тұрмыстық техникалар мен жиҺаздардың бағасын анықтап, сол бойынша тізімін береді.
Ол тізімдердің көп болуы мүмкін. Ең көп сома 150АЕК – тен (553 мың 800 теңге) аспайтын болуы керек. Тізімде көрсетілгендей тұрмыстық техникалардан тоңазытқыш, кір жуатын машина, газ плита және ыдыс қоятын шкаф кіреді. Жатын бөлме жиһаздарына жатын бөлме гарнитуры, диван, телевизор ғана кіреді. Басқа заттар қосылмайды. Егер, бірнеше телевизор болса, соның ішінде бір ғана телевизор кіреді.
“Тізімде көрсетілгеннен артық төленбейді. Соған байланысты, әр тұрғынға есептеп, көрсетіп, нақты бағаларын айтып, түсіндіріп бердік» , – дейді Арқалық қаласы әкімінің орынбасары, Арқалық қаласының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияның төрағасы Абзал Ташимов.
Шығындарды төлеу тұрғындардың өтініш беру уақыттарының кезектеріне қарай кідіріссіз жүргізілуде.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы