Арқалықта нан бағасы қымбаттады

Арқалықта нан бағасы қымбаттады

Нан бағасының жаңа жылдан бастап 150 теңгеден 170 теңгеге көтерілу себебі, еліміздегі көрсетілетін кей қызмет түрлерінің өсуімен тікелей байланысты деп түсіндіреді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары.

Бірінші қаңтардан бастап елімізде ең төменгі еңбекақы мөлшері 85 мың теңге болып белгіленді.

Сол себепті, нан өнімдерін өндіретін кәсіпкерлер өз жұмыскерлерінің еңбекақысын көтерулері қажет екенін айтады. Мұнымен қоса, нан пісіруге қажетті ашытқы т.б. қажетті қоспалардың да бағасы өсті. Наубайханалар бұрын бірінші сұрыпты ұнның келісін 150-160 теңгеден алып келсе, өткен жылдың желтоқсан айында ұнның келісі 180 теңгеге қымбаттады.

“Бидайдың бағасы былтырлары 80-90 мың теңгенің көлемінде болса, қазір 3 сұрыпты бидайдың бағасы 130-140 мың теңгеге дейін көтеріліп кетті. Әрине, бидайдың бағасы өскен сайын ұнның да бағасы қымбаттай түседі. Осындай барлық үстемелерді есептей келе, кәсіпкерлеріміз нанның бағасын көтеруге мәжбүр болып отыр”, – дейді мамандар.

Осы ретте, қаладағы дүкен сөрелерінен 170 теңгенің нанынан бөлек, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған 90 теңгенің нанын да табуға болады.

Яғни, күніне 1 мың 100 бөлке әлеуметтік нан дайындалады. Бұл қалада бір күнде пісірілетін нан мөлшерінің 30%-ы. Ол үшін наубайханаларға бағаны тұрақтандыру қорынан ұнның келісі 100 теңгеден төмен бағамен беріліп келеді.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу