Арқалықта домбырашылар байқауы өтті

Арқалықта домбырашылар байқауы өтті

Арқалықта Ұлттық домбыра күні мен қала күні және күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналған «Домбыра-думан» атты аймақтық байқау өтті. Аталған іс-шарада облысымыздың әр өңірінен келген өнерпаздар Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды қазақтың атақты күй сүлейлерінің қайталанбас туындыларын нәшіне келтіре орындап, қара домбыраның шанағынан күмбірлете күй төгілтті.

Сайыстың ашылуында қатысушыларды қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтады.

«Ұлттық құндылығынан нәр алған ұрпақ елжанды, санасы сергек болары сөзсіз. Өздеріңіздей өнердің шын жанашырлары, кәсіби домбырашылары барда күй өнері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халқымыздың рухын асқақтата бермек», – деді Әмірхан Асанов.

Байқауда ұзын саны 14 үміткер бақ сынады. Алғашқы айналымда қатысушылар халық композиторларының күйлерін орындады. ҚР Мәдениет қайраткері Бораш Әбенов бастаған қазылар алқасының шешімімен келесі айналымға, яғни байқау талабы бойынша Қазақстан композиторларының күйлерін орындауға 9 орындаушыға мүмкіндік берілді.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, уақыты келгенде жарыс жүлдегерлері де анықталды. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы жүлдеге Арқалық қаласынан Бейбарыс Нұрханов ие болды. Сарыкөл ауданынан Қайсар Ниязұлы мен Арқалық қаласынан Әсел Кәрібаева үшінші орынға тұрақтады. Екінші орынды Арқалық қаласынан Әділ Ақан, ал бірінші орынды Қостанай қаласынан Ыбырай Есжанов қанжығасына байлады. Байқаудың бас жүлдесін қостанайлық өнерпаз Данияр Рысбеков жеңіп алды. Марапаттау сәтінде байқауға қатысушылардың барлығына мадақтамалар, ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

  «Расы керек, Домбыра күнін асыға күтеміз. Қайда болсақ та ұлттық өнерімізді қастерлеп, дәріптеп жүреміз. Ұлттық мерекемен тұспа-тұс келіп отырған қала күнінің де маңызы зор. Мен осы Арқалық қаласының тумасы екенімді қашанда мақтан етіп жүремін. Еліміз көркейіп, жайнай берсін»,– дейді байқау жеңімпазы, Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филормониясындағы Н.Молдахметов атындағы оркестірдің солисі Данияр Рысбеков.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық

Суреттерді түсірген автор.

Жаңалықтармен бөлісу