«Ақбота» халық — би ансамблі 1997 жылы құрылған. Отыз жылға таяу тарихында өнерге адал қызмет етіп, 2006 жылы «халықтық би ұжымы» атағына ие болды.
Осы уақыт аралығында ансамбль сахна төрінде ғана емес, талай шәкірттің жүрегінде өнерге деген махаббаттың дәнін септі. Қаншама дарынды жас тәрбиеленіп, үлкен өмірге қанат қақты.

Ансамбльдің негізін қалаушы – өнерге жан-тәнімен берілген, би өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан өз ісінің шебері, ҚР Мәдениет қайраткері Ерсін Жүсіпұлы. Сондай-ақ, ансамбльдің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосып жүрген Ирина Зайко, Әйгерім Балғынбаева, Қымбат Кенжеғарина сынды білікті мамандардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

«Әлем – сан алуан мәдениеттен, түрлі мінез бен әрқилы ырғақтан құралған шексіз кеңістік. Сол байлықтың барлығын бір сахнаға сыйдырып, жүрекке жеткізетін құдіретті өнер – би өнері. Би – тілсіз сөйлейтін, ұлт пен ұрпақты жалғайтын рухани көпір. Атақты ансамблдің «Із» атты жылдық есеп беру кеші – өткенге тағзым, бүгінге баға, болашаққа сенім. Бұл кеш – би арқылы тарих сөйлеп, жүректер үндесетін, өнердің мәңгілік екенін дәлелдейтін ерекше рухани кеш», – дейді кешті жүргізуші, «Тобыл – Торғай» жастары көшбасшыларының бірі Мейрамбек Бейсенбек.
Иә, «Ақбота» – бұл тек би ансамблі ғана емес. Бұл – бір отбасы, бір мектеп, бір тағдыр және уақыт бедерінде қаланған өшпес із. Әр қадамы – еңбекпен, әр қозғалысы – маңдай термен, әр жетістігі – табандылық пен үздіксіз ізденіспен өрілген үлкен жол.

Әр мамандықтың, әр өнердің өзіндік жолы бар. Ал, ел мақтанышы саналатын «Ақбота» халық би ансамблінің жолы – мағыналы еңбекпен, тынбай ізденумен, биік мақсат пен табандылыққа негізделген даңғыл жол. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани мұра.

Бүгінгі таңда «Ақбота» халық — би ансамблінің шығармашылық жолын жалғап, оның өнердегі өшпес ізін тереңдете түсіп жүрген жетекшісі Аружан Ембергенова. Оның еңбегі, ізденісі мен шығармашылық шабыты ансамбльдің жаңа белестерді бағындыруына кең жол ашуда.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
