Арқалықта аймақтық ақындар айтысы өтті

Арқалықта аймақтық ақындар айтысы өтті

Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы М. Дулатовтың 140 жылдығына арналған «Алаштың бір ардағы» атты аймақтық ақындар аламанының салтанатты ашылуында Арқалық қалалық мәслихатының төрағасы Гүлбану Елтебаева құттықтау сөз сөйлеп, өнер додасына қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі.

Ұлттық өнерді, ұлт перзентін ұлықтаған айтыс аламанына Қостанай, Астана өңірінен қанаттарын кеңге жайып, облыстық, республикалық ақындар айтысында танылып жүрген 12 ақын қатысып, өзара бақ сынасты.

Ақындардың өнеріне ҚР Мәдениет саласының үздігі, облыстық меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының иегері, айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев бастаған қазылар алқасы бағасын берді.

«Ұлттық өнеріміздің ең бір қасиетті де, қастерлі саласы ол әрине – ақындар айтысы. Сан ғасырларды көктей өтсе де ешқашан құнын жоймақ емес. Айтыс өнері қаламыздың жұртшылығы үшін жылда дәстүрге айналған рухани алтын діңгек болып келеді. Міржақып Дулатұлы атамыздың «Oян, қазақ!», – деп ұлтына ұран салғаны әр қазаққа аян және мақтаныш. Аталар аманатын келешек ұрпаққа жеткізу – бұл біздің басты парызымыз», – дейді айтысты ұйымдастырушы Арқалық қалалық мәдениет сарайының «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі Зәмзәгүл Ақылбекқызы.

Бірнеше сағаттар бойы өнер сүйер қауымның көзайымына айналған ақындардың суырып салма жыр додасының нәтижесінде бас жүлдені Әсет Ақылжанов (Қамысты ауданы), бірінші орынды Айбар Рағатов (Арқалық қаласы), екінші орынды Батырлан Сағынтаев (Арқалық қаласы), Мамай Ізтілеуов (Майлин ауданы), үшінші орынды Ғалымгерей Кенжеғозин (Рудный қаласы), Тоба Өтепбаев (Астана қаласы) иеленді.

 

Арнайы жүлдені Еламан Тұрсын (Амантоғай ауылы), Нұрислам Рағат (Арқалық қаласы), Таңжарық Ниаязбек ( Жанкелдин ауданы) қанжығалады.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                                                                                                                    Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу