Арқалық қаласының әкімі есеп берді 

Арқалық қаласының әкімі есеп берді 

Өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Арқалықта әлеуметтік міндеттемелерді орындау, экономиканың нақты секторын дамыту сынды маңызды бағыттарда бірқатар жұмыстар атқарылды.

Нәтижесінде қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша оң динамика байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,5 есеге, құрылыс жұмыстарының нақты көлем индекс өсімі 3,9 есеге ұлғайды.

  «Таяуда қаламызда «KazWindEenergy» ЖШС 22 жұмыс орнын құра отырып, құны 24 млрд 300 млн теңге болатын «Қуаттылығы 48 МВт жел электр станциясын салу» инвестициялық жобасын іске қосты. Осы ретте, қала экономикасын әртараптандыруда 1900 жұмыс орнын аша отырып, жалпы құны 347 млрд теңгеден асатын 3 инвестициялық жобаны іске асыру маңызды болды. «Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы» ЖШС «Маятас кластерінің кен орнын геологиялық зерттеу және тау-кен байыту комбинатының құрылысы» жобасын іске асыруды бастады”, – деп атап өтті қала әкімі Әмірхан Асанов.

Сондай-ақ «Concord Investments» ЖШС «Отқа төзімді сазды өндіру және сирек жер металдарын қайта өңдеу» жобасын іске асырып жатыр. «Aspan Energo» ЖШС «Қуаттылығы 50 МВт жел электр станциясын салу» инвестициялық жобасын жүзеге асырғалы отыр. Кәсіпкерлік салада бұдан бөлек 150 жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба іске асырылмақ. «Tesqua Property» ЖШС сауда орталығы және «Қызылтауөнімдері» ЖШС «Тігін цехының бұрынғы ғимаратын қонақ үй кешеніне қайта айналатын болды.

Тұрғындармен кездесуде қала әкімі барлық сала бойынша арнайы тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар жайында егжей-тегжейлі баяндады.

Кездесудің келесі бөлігі әдеттегідей сұрақ-жауапқа ұласты.  Көпті толғандырған мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй кешенін жаңғырту жүйесі төңірегінде болды.

   “Қордаланған бұл проблемалар да біртіндеп шешімін табуда. Мәселен, өткен жылы қала тұрғындарына жайлы орта құру мақсатында 485 млн теңгеге 54 көппәтерлі тұрғын үйдің төбесі мен шатырына, қасбеттеріне ағымдағы жөндеу жүргізілсе, биыл 29 көппәтерлі үйдің төбесінің жұмсақ жабынына және қасбеттеріне ағымдағы жөндеу жүргізуге 777 млн теңге қаражат бөлініп отыр”, – деді қала әкімі.

 

Мұрат Жүнісұлы  

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу