8 Сәуір, 2025
Арқалық музейіне Әнуар Боранбаевтың жеке заттары тапсырылды

Арқалық музейіне Әнуар Боранбаевтың жеке заттары тапсырылды

Даңқты жерлесіміз, Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев – Торғай топырағынан шыққан шоқтығы биік өнер жұлдызы.

Еліне ерен еңбек сіңірген актер 1999 жылы 51 жасында бақилық болды. Қырықтан асқан нағыз дер шағында бір аяқтан айрылып, ауыр халге түссе де өнер жолынан таймай, соңғы демі қалғанша күресті.

Ол – ұзақ жылдар бойы Қазақ академиялық драма театрының актері болды. Актерлік шеберлігінің қалыптасуына М.Әуезов пьесалары бойынша қойылған спектакльдерде ойнаған рөлдері ерекше ықпал етті. Кинофильмдерге түсіп, ірі экрандық бейнелерді де сомдады.

Ізгілікті іс-шараға марқұмның туыстары, ұрпақтары,зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар мен тарихшылар, студент-оқытушылармен бірге Астана, Қостанай қалаларынан, көршілес аудандардан қонақтар қатысты.

Қала әкімі Әмірхан Асанов, көнекөз қария Тұрысбек Ізтілеуов, Арқалық қаласының құрметті азаматтары Шөптібай Бәйділдин, Бораш Әбенов, Арқалықық қазақ жасөспірімдер театрының бас режиссері Ербол Әбжаловтар өнер саңлағы туралы жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.

Театр әртісі, ҚР Мәдениет қайраткері Ораз Нұрғали атақты «Гауһар тас» әнін орындады.

Талантты тұлғаның жеке құжаттарын осы істің басы-қасында жүрген елжанды азамат, жеке кәсіпкер Марат Якупов табыс етті.

Музей қорына өткен Әнуар Боранбайұлының «Қазақстанның халық артисі» құрметті атағын алғандығы туралы куәлігі т.б құжаттары құнды жәдігерлерге айналары сөзсіз.

«Осы уақытқа дейін облысымыздың музейлерінде Әнуар ағамыздың суреттері қойылғанмен, ешбірінде жеке заттары көрсетілмеген еді. Сондықтан, ірі тұлғаның жеке құжаттарының біздің музейіміздің қорына тапсырылуы – өңірдің өнер тарихы үшін үлкен бір жаңалық болып тұр. Бұл құжаттар халық батыры Аманкелді Имановтың қанжары, халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің домбырасы сияқты құнды мұралармен бірге музейдің төрінен орын алып, ұлттық мәдениетімізді байытып тұратын болады», – дейді музей директоры Рауан Терек.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

                                                                            Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу