Жастар ардагердің ауласына сенбілік жасады

Жастар ардагердің ауласына сенбілік жасады

Бүгін облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен “Ардағым – ардагерім” акциясы өтті. Мақсат – ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне қолғабыс пен қолдау көрсету. Белсенді жастар ғасыр жасаған қарт майдангердің ауласында сенбілік жүргізді.

Жастар ақсақалға ізетпен сәлем бере барып, оның аула-маңайын тазалап беріп кетті. Алғысы мен ақ батасына кенеліп, өздері де қарияны ұлы жеңістің сексенінші көктемімен құттықтады.

“Михаил Ивановичтің ауласында сенбілік өткіздік. Бұл – оның ерлігі мен Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі үшін біздің алғысымыздың бір көрінісі. Осындай ардагерлердің жанында болып, құрмет көрсету – жас буынға зор мәртебе. Бейбіт күннің сақшысы болған “тірі тарихымыздай” қарттарымыз қажырлы-қуатты болсын, арамызда жүре бергей!” – дейді ізгі іске ұйытқы болған азаматтардың бірі ЖРО жастар бастамалар секторының жетекшісі Берік Нұрмұхамбетов.

Михаил Иванович 1925 жылы Қостанай облысы Затобол кенті Половников ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Қостанай әскери комиссариаты арқылы майдан қатарына шақырылған. Солтүстік-Батыс, Воронеж, Степь, Орталық және 2-Украин майдандарында танк бөлімдерінде соғысқан. От пен оқтың ортасынан оралғаннан кейін 50 жыл статистика саласында еңбек етіп, соның 30 жылында Қостанай облыстық статистика басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Жастардың ықылас-пейіліне мейірі қанған қария разылығын жасыра алмады.

“Қайырымдылық – ең ізгі қасиет. Әсіресе, егде жасқа келген қарияларға жастардың қолғанат болуы, қолдау-көмек көрсетуі – өнегелі іс. Біздің бейбіт те тәуелсіз елімізде адамгершілік пен тәрбие-білімді бәрінен биік қоятын жас өркеннің өсіп келе жатқаны бізді қуантады. Елдің ертеңіне батыл сеніммен қарауымызға талпындырады. Айналайындар, жолдарың ашық болсын, жаратушы бәріңе менің ғұмыр жасымды берсін!” – батасын берді Михаил атай.

 

Жаңалықтармен бөлісу