Жанкелдин ауданында тасқын судан қатты жапа шеккен ауылдың бірі Түйемойнақ елді мекені.
Шағын ауылда он үш үй бар-тын. Соның бәрі су құрсауында қалды. Әбүйір болғанда мал-жаны түгел аман. Тұрғындар дер кезінде бүкіл түлігін құтқарып үлгірген.
Өздері ауылдан екі шақырым жерге киіз үйлер тігіп, сонда қоныстанды.
“Түйемойнақ ауылы тасқын суға төтеп бере алмады. Өйткені, су деңгейі жардан асып кетті де, бүкіл үйді басып қалды. Халық қауіпсіз жерге көшірілді. Малы түгел. Тек, мүліктері бүлінген. Жан-жақтан, мемлекеттен де, еріктілер тарапынан да қолдау көрсетіліп жатыр”, – дейді Ақшығанақ ауылдық округінің әкімі Жарқын Сабыржан.
Табиғи апат аумағында қалған ағайынға гуманитарлық көмек жеткізіліп берілген. Әлі де толастаған жоқ. Ауылдағы ахуалды аудан әкімі Шота Оспанов та, облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов те өз көзімен көріп, бақылауда ұстап отыр.
Түйнемойнақ елді мекенінің тұрғындары ауыз суға зәру. Бірер күндік ішетін су қалған. Әзірге ауыз суды іргедегі Қарғалыдан тасиды. Сыртпен байланыс үзілген.Тұрғындар ең болмаса «Билаин» желісін қосып беруін өтінеді.
“Табиғи апаттан ешкім сақтандырылмаған. Біз де сондай күйді басымыздан кештік. Қаншама ерікті келіп көмектескенмен тасқын суға ие бола алмадық. Осы қиын сәтте жер-жерден жәрдемдесуге азаматтар келіп жатыр. Олар қолдарынан келгенше тұрғындармен бірге бел жазбай, бірнеше күн бойы тер төкті. Бәріне рахмет айтамыз! Аудан басшысы Шота Сәбитбекұлы жағдайымызды әлсін-әлсін өзі келіп, біліп отыр”, – дейді Түйемойнақ ауылының тұрғыны Ерік Бекмурзин.
Түйемойнақтағы үйдің бәрі қалпына келтіруге келмейді. Сондықтан, мемлекет шаруа баққан азаматтарға баспана салып беретін болды. Қазір кейбір ауыл тұрғыны үй құжаттарын әзірлеп, тиісті мекемеге тапсырып жатыр.
Ал Ақшығанақтағы жағдай бір қалыпты. Дегенмен, қауіп те жоқ емес.
Ауылдық округ әкімі Жарқын Сабыржанның айтуынша, су деңгейі күрт көтерілсе, елді мекеннің шетіндегі үш-төрт үйді алып кетуі әбден мүмкін.
Ол жерде ауыл тұрғындары мен іріктілерден құрылған арнайы топ күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Барлық техника сонда жұмылдырылған.
Ауыл тұрғындары ауыз су ауадай қажеттігін айтады. Генератор жетіспейді. Аудан басшылары кеше мұнда қосымша тағы он генератор жеткізіп берді.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ
Жанкелдин ауданы