26 июня, 2025
Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті

Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті

Мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария Президенті Румен Радевпен келіссөз жүргізді.  Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Болгария – Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды серіктестерінің бірі. Екі елді тамыры терең саяси және экономикалық ынтымақтастық байланыстырады. Әртүрлі саладағы екіжақты қарым-қатынастарымыз тұрақты дамып келеді. Мұны сенімді саяси диалогтан, парламенттер арасындағы нәтижелі ықпалдастықтан, сауда мен инвестицияның қарқынды өсуінен, халықтарымыздың байланысы мен әлемдік қоғамдастықтағы өзара қолдаудан анық аңғаруға болады. Екіжақты сауда айналымының артып келе жатқаны қуантады. Бұл жақсы үрдіс. Біздің нарықта 60-қа жуық болгар компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта біз тау-кен өнеркәсібі, өндіріс, көлік және құрылыс салаларында жемісті ынтымақтастық орнаттық. Энергетика, транспорт және логистика, жасыл энергия, атом өнеркәсібі, ғарыш, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау, туризм секілді перспективті салалар бойынша ықпалдастықтың әлеуеті зор, – деді Қазақстан Президенті.

Румен Радев:

– Болгария екі ел арасындағы дәстүрлі әрі табысты байланысты жоғары бағалайды. Мемлекетіңізді өркендетуге бағытталған ауқымды реформаларыңыз бен көреген саясатыңызды қолдаймын. Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктесіміз санаймыз. Сіздердің осыған дейінгі табыстарыңыз таңғаларлық: экономикаларыңыз қарқынды өсіп келеді, инновация, ғылым, білім, жоғары технология салаларында зор табысқа жеттіңіздер. Кеше мен Ғарыш орталығын аралап көрдім. Сіздердің жетістіктеріңізден жақсы әсер алдым, – деді Болгария Президенті.

Қазақстан мен Болгария президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті атап өткендей, Румен Радевтің елімізге үлкен делегацияны бастап келуі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді.
Мемлекет басшысы тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқанын, сондай-ақ оны ұлғайтуға мол әлеует бар екенін айтты. Статистикаға сәйкес, биылғы төрт айда өзара сауда-саттық көлемі 83 миллион доллардан асты, ал былтыр бұл көрсеткіш төрт есе артып, 375 миллион долларға жеткен.

– Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруға және энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен туризм салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бейіл, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент болгар компанияларымен, инвесторларымен өзара ықпалдастықты қолдайтынын жеткізіп, бұл ретте Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия негізгі рөл атқаратынына тоқталды.

Румен Радев қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Болгария мен Қазақстанның санқырлы ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік мол екенін атап өтті.

– Болгария Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі санайды. Табыстың кілті – ықпалдастықта. Екі ел, сондай-ақ Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуда мемлекеттеріміздің стратегиялық тұрғыдан орналасуына арқа сүйеуіміз қажет. Бұл Азия мен Еуропаны байланыстыруда маңызды рөл атқарады, – деді Румен Радев.

Келіссөз барысында екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланды. Тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға және қазақ-болгар қарым-қатынастарын дамытуға ықпал ететін жаңа бастамаларды жүзеге асыру ниетін растады.