Қостанай – Сарыкөл” автожолында, Октябрь ауылынан 15 шақырым жерде жол көлік оқиғасы орын алды деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінен.
Қайғылы жағдай кеше кешкі тоғыздар шамасында болған. ВАЗ-21099 автокөлігінің 22 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Тойота Альфард көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Онда үш жолаушы, арасында жүкті әйел болған.
Апат салдарынан Ваз жүргізушісі мен Тойота жүргізушісі алған жарақаттарынан қайтыс болды. Түрлі жарақаттары бар үш жолаушы ауруханаға жеткізілді.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі.
Осы жылдың басынан бері облыс жолдарында 37 адам қаза тапты. Облыстық полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларына жол ережесін сақтау қажеттігін кезекті рет ескертеді.