Қостанай қаласындағы«Мирас» мәдениет үйінде өткен өнерлі отбасылардың “Қос жүректің лүпілі” атты концерт өтті. Ән кешіне халық көп жиналып, көрермен залын лық толтырды.
Бұрын-соңды концерттерге мұндай көрермен жинала қоймайтын. Ән тыңдаймыз деп келгендердің көпітігі сонша залға сыймай қалды, тіптен есіктің аузында тұрып қарауға да риза болып жатты.
Кеш облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен еді. Ұйымдастырушылардың өздері де аң-таң.
Алтыда басталатын өнер кешіне келіп жатқандарды ұстап тұру мүмкін болмады. Орын болмағандары орындық әкеліп жайғасып, сыйысып жатты.
«Бүгін апам мен жездем ән айтатын еді. Гүлімді алып, асығып жеткенім осы. Мұнша халық жиналады деп ойламаппын», – дейді Әмина апамыз.
Ал Алтын дала ауылынан таксилетіп келген Төлеухан Дүйсекова апамыз кіре алмағанына өзі де сенбей тұр.
«Бұрын соңды концертке осынша халық жиналғанын көрмеппін. Ән тыңдайын, демалайын деп келгенмін. Ауылдардан әншілер келеді дегенді естіп, сол баяғы жастық шақтың әуендерін сағындық. Онымен қоса, тегін болған соң көп келген ғой. Бірақ бір жағы қуантады осылай болып жатқаны да», – дейді ағынан жарылып.
Сөйтіп өнерде де, өмірде де бірге жүрген жұбайлардың «Қос жүректің әуені» атты концерті аншлагпен өтті.
Сахнаға алғаш болып өнерлі отбасы, республикалық түрлі жобалардың жеңімпаздары, баршаға танымал Қадыр-Майра Қаржауовтар шығып, шымылдығын түрді. Олар елу жыл отасып, сахнада да бірге келеді. Осы өнерлі жұптың ізін жалғап аудандардан 11 жұп шығып, ән сүйер қауымға өнерлерін паш етіп, белгілі туындыларды, қазақтың халық әндерін орындады.
Талғампаз тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Меңдіқара ауданынан келген Тобыл–Нұржамал Болатовтар отбасы мәдениет саласында 44 жыл еңбек етіп келеді. Отағасы Меңдіқара ауданына қарасты Михайлов ауылында клуб меңгерушісі. Көп балалы отбасы. Бүгінде балаларының алды ата-ана ізін жалғап, сахнада жүр.
“Өнер адамына халықтың ықыласы мен қолдауы болып жатса жетіп жатыр. Бүгінгі концерт бізді қанаттандырып тұр. Өнермен қоса отбасы құндылығын да дәріптеп, жеткізіп жатсақ қандай тамаша. Ұйымдастырып жатқан азаматтарға алғысымыз шексіз”, – дейді Болатовтар отбасы.
Ал осы жұбайлардың басын бастап келе жатқан Қаржауовтар мұндай концерттің бірінші рет болып жатқанын алға тартты.
“Осы отбасылық дуэттердің ішіндегі ең үлкені біз екенбіз. Өмірді енді бастап келе жатқан жастарға қолдау қажет, жол ашқанымыз өте құптарлық. Халықтың қарасын да көріп тұрсыз. Ел қарапайым, шынайы концертті сағынған. Жастарға өнердегі сапарлары ұзақ әрі сәтті болсын деп тілейміз”, – дейді Майра апайымыз.
Осы бастаманы қолға алған облыстық халық шығармашылығы орталығның жанынан құрылған «Шаңырақ» ұлттық өнер орталығының жетекшісі Мұрат Нағашыбай болатын. Ол өнер орталығында осы жұптардан алдын ала сұхбат алып, кездесулер өткізген.
Кеш барысы да осы үрдіспен жалғасып, сұрақ-жауап түрінде, еркін форматта өрбіді.
“Аталмыш кеш облысымызда бірінші рет өтіп жатыр. Содан да болар көрермен көп. Өзіміз де таңданып, риза болып, қуанып жатырмыз. Демек, халық ресми түрде өтетін концерттерден гөрі осындай еркін, жанға жылу беретін кештерді сағынған. Алдағы уақытта кең сарайда мұнан да көп жұптармен, жаңа нұсқада өткіземіз деп отырмыз,” – дейді жоба жетекшісі әрі кеш жүргізушісі Мұрат Нағашыбай.
Кеш соңында облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Дәмер Қалқаев баршаға алғысын білдіріп, қос жүректері лүпілдеп, махаббатты аялаған әншілерге сәттілік тіледі.
“Әр ұйымдастырған дүниеміз халықтың жүрегіне жетіп жатса риза болып, қуанып қаламыз. Сұраныс болып, ән тыңдаудан шаршамайтын патша көңіл көрермен болса өнер адамы қанаттана түседі. Орын болмаса да көңіл кең. Келгендер сыйысып кетті. Енді бұдан да кең ауқымды қамтимыз. Әншілер де осы концерт аудан, ауылдарда гастрольдік сапармен өтсе деген тілектерін білдіріп жатыр. Оны да қарастыра жатармыз”, – дейді орталық басшысы.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев