Бұл біз үшін теңдесі жоқ мереке. Осы күнді армандадық, аңсадық, қаншама ата-бабаларымыздың қолы жеткен жоқ. Мінеки, отыз жылдан асты егемендік алғанымызға, құдайға шүкір еліміздің жағдайы жақсарды. Медицина саласы, білім, ғылым өркендеді. Елдімекендердің инфрақұрылымдары жақсарып, ауыл шаруашылығы, өндіріс көздері кең қанат жаюда.
Арқалық қаласы да жақсы ғұмыр кешуде. Биыл қаламызда судың да, жылудың да трассалары жөнделіп, қазір жылу қазандығы іске қосылып, үйіміз өте жылы болып, кешегі облыс кезіндегідей мәре-сәре болып отырмыз.
Мемлекеттік мерекеге арналып Арқалық қаласында да көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Оның ішінде шоқтығы биік ұлттық ат спорты ойындарымыз: көкпар, ат жарыстары өткізілуде. Міне, бұл да болса еліміздің тәуелсіздігінің арқасында жүзеге асып жатқан істер.
Мен Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетін бітіріп, еңбек жолымды Торғай облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде жоғарғы санаттағы дәрігер – рентгенолог болып бастадым. Еңбек жолымда алған марапаттарым да аз емес. «Еңбек сіңірген мемлекет қызметкері» орденімен, «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», республикалық дәрігерлер Ассоцациясының «Алтын дәрігер» медалдарымен марапатталдым.
Бүгінде жұбайым Сәуле Қабижанқызымен бірге немере, шөбере сүйіп отырған бақытты жандармыз. Зейнеткерлікке шықсақ та бір үйдегі қос дәрігер үнемі жастарға ақыл – кеңесімізді беріп келеміз.
Барша отандастарымды мерекемен құттықтай отырып, елге тыныштық, бақыт, табыс тілеймін. Тойымыз тойға ұласа берсін.
Мұхамедрахым Спандияров,
Арқалық қаласының құрметті азаматы