24 мая, 2025
Аманкелдіде тәрбие бағытында семинар ұйымдастырылды

Аманкелдіде тәрбие бағытында семинар ұйымдастырылды

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы — жаңа мазмұнға негізделген, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін жетілдіруге бағытталған кешенді тәрбие жүйесі. Бұл бағдарлама қоғамның рухани жаңғыруына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және тәрбие үдерісінің тиімділігін арттыруға ықпал етіп отыр.

А.Нұрманов атындағы жалпы білім беретін мектебінде аталған бағдарлама аясында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы: жаңа мазмұн, ұлттық құндылық, тағылымды тәжірибе» атты аудандық семинар өтті.

Іс-шара жаңа мазмұнға негізделген бағдарламаның маңыздылығын ашуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін жетілдіруге және тәрбие үдерісінің тиімділігін арттыруға бағыттала ұйымдастырылды.

Семинар салтанатты ашылу бағдарламасымен басталып, Амангелді ауданы білім бөлімінің басшысы Дихамбаев Мұрат Сембайұлы құттықтау сөз сөйлеп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Жас өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама «Даналық мектебі» аясында жүргізіліп отырған әкелер мектебінің шебарханасымен жалғасын тапты. Әкелер клубының мүшелері Әбдіғали Иса Рамазанұлы, Баженов Асылан Ертісұлы, Тұрганов Назымбек Тұрысбекұлы, Мүкібаев Сартай Кенжекейұлы,Сарманов Қаратай Ғапбасұлы ер балаларға ат әбзелдерін дайындау, тұрмыстық бұйымдарды жасау жолдарын үйретіп, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығында қажетті құралдармен жұмыс түрлері бойынша бағыт –бағдар беріп, өнегелі істері арқылы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Семинардың келесі бөлімінде Әжелер мектебінің жұмысы таныстырылды. «Әжелер мектебі: ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтар» тақырыбындағы шебер сағаты аясында ауыл әжелері қазақтың ұлттық салт- дәстүр, төл өнер мен бабаларымыздан мирас болып келе жатқан халықтық құндылықтардың бар сипатын насихаттап берді. Сары бауырсағын шашып, сары май, құрт –жент, ұлттық тағамдармен дастарқанын ырыс-берекеге толтырып, диірменмен бидай тартып отырған әжелеріміз, қырқылған қой жүнінен ұршықпен иіріліп, қызыл –жасыл түске боялған жіптермен қазақы кілем тоқып отырған аналарымыз, ши құрақ құрап, ою – өрнек сырларын қыз балаларға үйретіп отырған апаларымыз қазақы болмысымыздың сан қырын аша түсті.

Әкелер қауымы, әжелер мектебімен өткен шебер сабақтар ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды жаңаша әрі тиімді жолдармен жас ұрпаққа жеткізуге негіз болды.

Сабақтар барысында дәстүр мен заманауи тәрбие әдістері біріктіріліп, қатысушыларға терең ой салатын тәжірибе мен білім дәріптелді.

Сонымен қатар іс-шара аясында «Өнегелі 15 минут» тренингі, «Тәртіп, бірлік және ерлік» тақырыбы бойынша «Жас сарбаз» клубының жұмысы, мектеп психологі мен әлеуметтік педагогтің ұйымдастыруымен теренинг «Отбасым – бақыт мекенім», «Егер сіз желіде қорқытуға тап болсаңыз» тақырыптарында сынып сағаттары, «Кітап – сарқылмас бұлақ», «Шұғыл қызмет нөмірлері» қауіпсіздік сабағы тақырыбында өз шеберлігімен бөлісті, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ. Т. Құсайынова «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығының жұмысы бойынша коучинг ұйымдастырды.

Іс –шара қорытындысында мектеп директоры Шоңғалов Қуандық Бақытұлы, білім бөлімінің әдіскері Мұхамбетова Мақпал Кәкімбекқызы қатысушылармен кері байланыс жүргізіп, өз тәжірибесімен бөлісіп, шебер сабақ көрсеткен педагогтер және ата-аналарға білім бөлімінің алғыс хаттары мен сертификаттарын табыстады.  Бұл семинар ұлттық тәрбие мен құндылықтарды насихаттауға, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жүзеге асырылу сапасын арттыруға , тәрбие саласы мамандарының өзара тәжірибе алмасып , оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды тәжірибелік алаң болды.

Айбек ТАҢАТБАЕВ

Аманкелді ауданы