Штаб мүшелері тасқын судан зардап шеккен ауылдарға барып, төлемақы жайын түсіндіріп жатыр.
Қоғамдық штаб мүшелері Үрпек ауылына қарасты Қарашатөбе елді мекенінде болды.
Қажетті керек-жарықтарын жеткізіп, тұрғындардың өтініштеріне құлақ түрді.
Ауылда сау үй қалмаған. Бірнеше күн суда тұрған саман үйлердің қабырғасы үгітіліп, төбелері ортасына түскен.
“Бұл жақта ауыз су мәселесі шешілді. Тұрғындардың өтініш-тілелектеріне құлақ түріп, елге жағдайды түсіндірдік. Жол, жарық жағы қиындау. Комиссия тарабы төлем, тексеріс жұмыстарын жедел жүргізіп жатыр. Бір-екі күнде мал шығындарының алғашқы бөлігін халық ала бастайды”, – дейді сол өңірдегі тілшіміз, Аманкелді ауданындағы қоғамдық штабтың мүшесі Айбек Таңатбаев.
Жергілікті шаруа Мұрат Тұрмағанбетов шығынды есептеу комиссиясы қауырт қимылдамаса, шығын болған үй жануарларының өлекселерінен елдегі эпидемиологиялық жағдайдың ушығып кететінін айтып отыр.
“Мұндай алапат су тасқынын көргеніміз жоқ. Елге қайырлы шығын болсын деп жатырмыз ғой. Өзімнің алты жүз бас малым кетті. Орны толар, Үкіметке сенеміз. Алайда мамандар осыларды тез арада реттеп, орны уақытылы тазаланбаса, елдегі эпидемиологиялық жағдай ушығып кетуі ықтимал. Ол үшін бізге ветеринария мамандарының көмегі ауадай қажет”, – дейді ол.
Дәл осындай жағдай Байғабыл ауылы тұрғындарының басында да бар. Тасқын кезінде ағып кеткен малдары суы тартылған жағаға шығып қалып жатыр.
Ауыл азаматтары сырттан келген мамандарды күтпей, тазарту жұмыстарын өздері әлдеқашан бастап кеткен.
Су тасқыны Аманкелді ауданындағы Құмкешу ауылдық округіне қарасты Айтбай ауылын да айналып өтпеді. Тасқыннан бірнеше үй зардап шеккен. Мәселен, ауыл тұрғыны Адай Аймағамбетовтің шаңырағы тұруға жарамсыз.
“Көп бала тәрбиелеп отырған жандар бүгінде үйдегі балаларын қалаларға жіберген. Аманкелді ауданының орталығынан баспана алып берсе деген өтінішін бұған дейін де аудандық коммисия төрағаларына айтқан екен. Ол орталыққа көшуге дайын отыр”, – дейді Айбек Таңатбаев.