Бұл туралы Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев өңірлік коммуникация алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Ауданның 2025 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есебін берді.
Жалпы, бұл батыр атындағы ауданда тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымдық және экономикалық мүмкіндікті сақтау мен дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар ауданымызда тұрақты атқарылып келеді.
Есепті кезеңде макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша: өнеркәсіп өндірісі – 64,1%; негізгі капиталға салынатын инвестициялар – 39,1%; тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 78,8%; құрылыс жұмыстары – 45,1%; бөлшек сауда – 99,5%; ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы – 112,9% көрсеткішіне ие болған.
Орташа жалақы көлемі қаңтар-қыркүйек айларының қортындысы бойынша 278 079 теңгені құрап отыр.
Аудан бюджеті ағымдағы жылы 3,4 миллиярд теңгені құраған. Мұның ішінде салықтық түсімдер көлемі 1 миллиярд теңге.
«Биыл аудандық бюджетке 945,1 миллион теңге салықтар мен басқа да міндетті төлемдері түсіп, жоспар 110,4%-ке орындалды. Жоспардан тыс 89,2 миллион теңге артық түсті. Ауданда 1 098 шағын және орта бизнес субъектілерінде (тіркелгені 1 112 бірлік) 1,8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлеріміз барлық деңгейдегі бюджетке 302,4 миллион теңгеден астам салық түсірді», – деді Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев.
Сауда саттық саласы бойынша, аудан орталығында 2025 жылы жаңадан 2 азық — түлік дүкені ашылып («Нұрасыл» ЖК, «Ғабдуалиева А» ЖК), 1 азық — түлік дүкені (Шаймерденова ЖК) өзінің сауда орнына кеңейту жұмыстарын жүргізіп, шағын-маркет болды. Тартылған инвестиция көлемі шамамен 50 миллион теңгені құрайды.
Сонымен қатар, аудан орталығында 1 асхана және 1 фаст фуд өнімдерін сататын «SHAURMEN» қоғамдық тамақтану орны ашылды.
Жеке кәсіпкер Салтанат Бөгетбайқызы өз кәсібін кеңейтіп, «Ali-as» кафесінің аумағын 100 шаршы метрге ұлғайтты.
Аталған жобалардың құны шамамен 45 миллион теңгені құрап, 8 жұмыс орындары ашылды.
Амангелді ауылында жеке кәсіпкер Дүйсенбек Қалибекұлы өз қаражатына, жалпы құны 280 миллион теңгеге 300 орындық үлкен залдан және 100 орындық шағын залдан тұратын тойхана құрылысын жүргізуде. Жобаның аяқталу уақыты 2026 жылдың наурыз айы деп жоспарланған.
Жоба толық іске қосылғанда тұрақты 10 жұмыс орны ашылады.
Брифингте аудан әкімі Қанат Кеделбаев барлық салаға арнайы тоқталып, әрқайсын кең ауқымда қамтып өтті.
«Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, белгілі бір аумақта өсірілетін дақылдардың ассортиментін кеңейту тәжірибесіне сәйкес егістік көлемі 177,9 мың гектарды құрады. Мұның ішінде 164,0 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар егілді. Қазіргі таңда егін ору жұмыстары толығымен аяқталып, орташа шығымы гектарына 12,5 ц-ден келіп, жалпы алынған өнім 195 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар 8,1 мың тонна сафлордан өнім жинадық», –деді Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев.
Туризм саласындағы ең ауқымды жоба 2021 жылы аудан орталығынан бастау алған көп функционалды туристік кешеннің құрылысы. Жобаның жүзеге асуына осы уақытқа дейін – 3,5 миллиярд теңге қаражат жұмсалған. Демеушісі — белгілі меценат, «Тілеп» қайырымдылық қорының Президенті Сапар Ысқақов. 2022 жылы аталған кешеннің алғашқы нысаны «Мемориалдың» ашылу рәсімі өткізілсе, Амангелді Үдербайұлы Имановтың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында, «Бразилия» қонақ үйі және «Альгамбра» мейрамханасы пайдалануға берілді.
2024 жылы кешеннің кіре беріс аркасы, «Ұлттық жады» тақтасы, «Пирамида», «Эйфель мұнарасы», шағын футбол алаңы, этноауыл, «Бесік» объектілері іске қосылып, пайдалануға берілді.
Жылына туристік кешен аумағында 2,5 — 3,5 мың адам қабылдау жоспарланған. Қазіргі таңда, «Дешті қыпшақ» музейінің және «Тадж — Махал» ғимаратының құрылысы жүзеге асырылуда.
Кешен аумағын көгалдандыру жұмыстары барысында, биылғы жылы 468 түп әртүрлі ағаш көшеттері, 2000 түп гүл отырғызылды.
«Жобаларды іске асыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, салық түсімдерін ұлғайтуға және ауданның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жергілікті атқарушы билік аудан халқының әл-ауқаты мен өмір сүру жағдайларын жақсарту, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі оң серпінді сақтау, инвестициялар тарту, шағын және орта бизнес үшін, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін іске асыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыратын болады», –деді аудан басшысы.
Өзекті мәселелерді шешу және ауданда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды салу, жол жөндеу бойынша барлық жоспарланған іс-шараларды орындау үшін, жұмыстар кешенді түрде жалғасын табады.
Мұрат Жүнісұлы
