Жасанды интеллект дәуіріндегі дамудың жаңа бағыты

Жасанды интеллект дәуіріндегі дамудың жаңа бағыты

Қостанайда «10-AIMAQ: дамудың жаңа траекториясы» атты сараптамалық жиын өтті. Басқосуда облыстың стратегиялық дамуы, басымдықтары және жаңа мүмкіндіктері, жасанды интеллект технологияларын өңірлік деңгейде енгізу, цифрлық инфрақұрылымды күшейту, өндірістегі автоматтандыру үдерістері кеңінен талқыланды. Жалпы алғанда Қостанай облысының даму перспективалары тұрғысынан ортақ көзқарас қалыптастырып, малағы мақсат-міндеттері айқындау шеңберінде сарапшылар өй өрбітті.

            Келелі кездесуде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» тұжырымдамасы негізге алынды. Яғни, сарапамалық алаң дәл осы Жолдауда айтылған бағыттармен үндесті. Ашылуында модератор Рахым Ошақбаев сөз алды.

«Бұл алаң – Қостанай облысының стратегиялық дамуын жан-жақты талқылайтын, нақты ұсыныстар қалыптастыратын кәсіби диалог алаңы. Аймақтың әрі дамуына арналған жаңа шешімдерді бірлесіп іздеп, ашық кәсіби диалог құрып, тәжірибе алмасу үшін бас қосып отырмыз. Мұнда аумақтардың дамуы тек «жоғарыдан» берілетін бастамаларды ғана емес, сонымен қатар қоғамның, бизнестің, сарапшылар қауымдастығының және жастар бастамаларының белсенді қатысуын талап етеді. Маңыздысы – бүгінгі талқылауға қоғамдық сектор, аналитикалық орта, өндіріс саласы және инновациялық бағыт өкілдері қатысып отыр. Әрқайсысы өз көзқарасын және тәжірибесін ұсынып, бұл өңірдің болашақ даму траекториясын толық әрі жан-жақты пайымдауға көмектеседі», – деп атап өтті модератор.

Облыстық мәслихаттың бюджет және өңір экономикасын дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, «Талдау» сарапшылар мектебінің түлегі Серік Манасбаев сөз алды. Ол жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан Қостанай облысының кең ауқымды аймақтық реформаларды жүзеге асырып жатқанын ерекше атап өтті.

«Уақыттың басты ақиқаты мынада: технологиялар, бюджеттер немесе инфрақұрылым – өз алдына мақсат емес, олар тек құрал ғана. Барлық өзгерістердің өзегінде адам тұрады. Тек адам капиталы арқылы қарағанда соңғы үш жылда біздің өңірдің тек сыртқы емес, терең жүйелі трансформациядан өтіп жатқаны анық байқауға болады. Бұл – ресурсқа тәуелді экономикадан білімге, құзыреттерге және тұлғалық дамуға бағытталған жаңа модельге көшу. Осы жерде жүйелілік, жаңа норманың негізі өңірдің басты қағитаты деп едім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформалар секірмелі емес, жүйелі, мұқият ойластырылған архитектураға негізделуі керек екенін айтқан еді. Яғни,  тұжырымдама, жоспар, бағдарлама, іске асыру, нәтиже және түзету. Бұл өте маңызды, себебі жасанды интеллект дәуірінде технологиялар тек жүйелі ортада ғана нәтиже береді, ал фрагменттік шешімдер ұзақ өмір сүрмейді. Сондықтан өңірлік саясат та бұрынғыдай проблемаларға реакция жасаумен шектелмей, жаңа даму траекторияларын қалыптастыру бағытына бет бұрды. Бұл өзгеріс аймақ экономикасының негізгі тірегі саналатын агроөнеркәсіптік кешеннен айқын көрінеді», – деді ол.

blank

Одан кейін сөз алған Қоғамдық кеңес төрағасы, Ұлттық Құрылтай мүшесі Серік Бектұрғанов азаматтық қоғам мен билік арасындағы сенімді диалогтың маңызын атап өтті. Сараптамалық пікірлердің келесі легі аймақтың ерекшеліктері мен даму әлеуетіне арналды. Арқалық қаласы мәслихатының төрайымы Гүлбану Елтебаева Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық маңызына тоқталды.

Облыстың цифрлық дамуы адамдардың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. Кейінгі үш жылда елуге жуық антенна-мачталық кешен салынды. Президент Жолдауында айтылған «инновациялық секіріс» міндеттеріне сәйкес, өңірдегі цифрлық даму мәселесін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ Smart-орталығының жетекшісі, экономика ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Дамбаулова талдап берді. Ол өңірдегі смарт-жобаларды, мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуын және жасанды интеллект элементтерін қолданысқа енгізу бағыттарын таныстырды.

«Біздің орталық – өңірдің цифрлық экономикасын қалыптастыруға белсенді үлес қосатын, инновациялық кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған, сондай-ақ жастар кәсіпкерлігіне жан-жақты қолдау көрсететін маңызды институт. Әсіресе, бүгінгі күннің басты драйверіне айналған жасанды интеллект  бағытындағы бастамаларымыз Қостанай облысының жаңа даму траекториясын анықтауда ерекше рөл атқарады. Smart-орталық – білім, ғылым және бизнестің бір арнада тоғысқан көпфункционалды экожүйесі. Мұнда жаңа идеялар нақты әрі тиімді жобаларға айналып, жас кәсіпкерлер мен студенттер толыққанды әдістемелік, консультациялық және инфрақұрылымдық қолдау алады. Бұл – өңірдің инновациялық әлеуетін арттырып, жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған динамикалық алаң», – деді Гүлмира Дамбаулова.

blank

Аталмыш форумда Астана мен Алматыдан келген белгілі сарапшылар, экономистер өз пікірлерін жеткізді. Олар ел мен өңірлердің даму үдерісін саясат, экономика және талдау тұрғысынан бағалап жүргендер. Сол себепті олардың да кәсіби пікірлері маңызды.

«Бүгінде Қостанай облысы ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Әсіресе машина жасау, автомобиль өндірісі салаларында айтарлықтай өсім байқалады. Елдің басқа аймақтарында «көлікті құрастырып жатыр, бірақ ол қалай жүзеге асады?» деген күмән болуы мүмкін. Біз өз көзімізбен көріп, өндіріс процесін толық бақыладық – қалай жиналады, қандай бөлшектер орнатылады, бәрін қарадық. Сондай-ақ транзиттік және көліктік бағыттардың белсенді дамып жатқаны байқалады. Қостанай облысы батыс пен оңтүстікті байланыстыратын маңызды торапқа айналып келеді. Жаңа жолдар салынып жатыр, қолданыстағылары кеңейтілуде. Алдағы бір-екі жылда өңірдің одан да қарқынды өсімін көреміз деп сенемін», – деп атап өтті сарапшы-қаржыгер Расул Рысмамбетов.

blank

«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Илеуова дәл осындай форматтағы сараптамалық пікір алмасу өзі үшін жаңа тәжірибе екенін болғанын атап өтті.

«Экономист емеспін, сол себепті нақты баға бере алмаспын. Бірақ жаңа зауыттарды араладық. Қазақстан үшін индустриялық-инновациялық даму, экономиканы әртараптандыру, шикізаттық тәуелділіктен арылу – көптен бері күн тәртібінде тұрған мәселе. Қазір осы мәселелердің шешімін Қостанай облысынан көргендей болдым. Екінші маңызды жайт – еңбек ресурстарының жаңа бейімделуі. Жұмысшы мамандықтары, техникалық бағыттағы кадрлар бұрынғыдан әлдеқайда жоғары сұранысқа ие болып келеді. Қостанай облысы экономиканың негізгі драйверінің бірі ретінде осы салада да үлгі көрсетеді деп ойлаймын. Әдетте Қостанай облысы туралы «тыныш», «сабырлы өңір» деген сөздер жиі айтылады. Басқа аймақтарда белсенділік, қарбалас көп сияқты көрінеді. Бірақ осы жолғы сапар барысында мен мүлде басқа нәрсені түсіндім. Біздің қор соңғы жылдары Қостанай облысында бірнеше зерттеу жүргізді. Өткен жылы ауыл мектептеріндегі ыстық тамақ бойынша, одан бұрын зайырлылық мәселесі бойынша. Әр зерттеу аймақтағы қоғамдық қатынастардың реттелгенін, әлеуметтік ортаның тұрақты екенін көрсетті», – деп атап өтті ол.

blank

Сөзінше өңірдегі тұрақтылықтың басты себебі – қоғамдық институттардың дұрыс жұмыс істеуі. Тұрғындар өз мәселесін жеткізетін, пікірін айта алатын конвенционалды арналар бар дейді маман. Яғни, қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті атқарушы органдармен байланыс арналары жақсы жолға қойылған.

«Мұндай ашықтық бар жерде – қоғам да тұрақты болады. Ал мұндай арналар жоқ аймақтарда наразылық, әлеуметтік шиеленіс жиі туындайды – бұл менің басқа өңірлердегі зерттеулерімде де көрініс тапқан. Яғни экономикалық даму, кадр даярлығы, әлеуметтік институттардың тиімді жұмысы нәтиже беріп жатыр», – деп қорытты Гүлмира Илеуова.

blank

Қостанай облысы цифрлы трансформация, инновация, жастарды қолдау және жасанды интеллектті енгізу бағытына басымдық беріп отыр. Соңғы жылдарда іске асқан жолдар, су жүйелері, интернет, мектептер, медицина – бұлар жай бағдарлама тізбегі емес, жаңа даму траекториясының архитектурасы. Жасанды интеллект дәуірінде ұтатын өңір – ресурсы көп аймақ емес, адамы дамыған, құндылықтары жүйеленген аймақ. Яғни, адам жай еңбек ресурсы емес, идеялар генераторы, инновациялар авторы, кәсіпкерлік пен мәдениеттің өзегі, өңірдің тұрақтылығының басты факторы ретінде қарастырылады. Кездесу қорытындысы, облыстың дамуындағы сараптамалық қоғамдастықтың жұмыспен қамтылуының жоғары деңгейін көрсетті. Ал сарапшылар өңірлік бағдарламалар мен стратегиялық құжаттарды түзету кезінде ескерілетін сындарлы ұсыныстар жеткізе білді.

blank

 

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ