Мемлекет басшысының бастамасымен басталған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасына Амангелді ауданы да айрықша көңіл бөлуде.
Аудан орталығымен ауданға қарасты ауыл және ауылдық округтерде сенбіліктер апта сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жасалған сенбіліктер барысында аудан орталығының аумағынан 4 заңдастырылмаған қоқыс орындары анықталып, толығымен көзі жойылды.
Амангелдіде тазалық жұмыстарының ілкімді жүргізіліп жатқанын аудан әкімі Қанат Кеделбаев жақында өткен брифингте де жіті тоқталып, айтып өткен болатын.
Әкім айтқандай жыл басынан бері аудан бойынша бюджет және тартылған қаражаттардың есебіне барлығы 70 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Амангелді, Үрпек, Амантоғай, Тасты және Қарасу ауылдарының қоқыс қалдықтарын төгетін орындары қалыпқа келтірілді.
Аудан бойынша көктемгі және күзгі уақытта 1 мың 500 түп жас ағаш көшеттері отырғызылды. Оның ішінде ауданның 1969 жылы туған түлектері өз қаражаттарына 150 түп ағаш отырғызып, оны күтіп-баптау жұмыстарын да қоса атқаратын болып шешім шығарған.
Сондай-ақ, бюджет қаражаты есебінен 51 баған жарық шамдарымен орнатылып, тартылған қаражат есебіне 200 — ге жуық жарық шамдары ауыстырылды.
Биылғы ауданда 7 балалар ойын алаңдары пайдалануға берілді. Бұл жұмыстардың бәрі «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында тартылған қаражат есебінен жүзеге асырылды.
Оның ішінде Астана қаласында кәсіпкерлікпен айналысатын аудан тумасы Абзал Оспанов Амангелді және Амантоғай ауылдарында 2 балалар ойын алаңын сыйға тартты.
Аудан орталығындағы 3 көпқабатты үйлердің қоршаулары меморандум арқылы тартылған қаражат есебінен евроштакетникпен қайта қоршалды.
Тартылған қаражат есебінен Амангелді және Степняк ауылдарында бұзылған үйлер мен иесіз күл-қоқыстарды шығару жұмыстары атқарылды.
Жалпы, аудан бойынша ағымдағы жылы «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының аясында 70 миллион теңгеге жуық тартылған қаражат игерілді.

Бұл жұмыстар туған жерге жанашыр азаматтардың, яғни жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының демеушілігінің арқасында жүзеге асып отыр.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Амангелді ауданы
