Алтын құрсақ аналар ардақталды

Алтын құрсақ аналар ардақталды

Қазақ халқы үшін қоғамның басты құндылығы – отбасы. Асыл ойды «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөзбен әспеттеп, ұрпағының санасына сіңірген. Шаңырақтың тірегі – әке, ал жүрегі – аналар. Отағасының бабын келістіріп, ұл-қыздарын бағып-қағып, үй тірлігін ұршықша үйіріп отырған келіншектер қаншама.

Тұтастай бір әулетті өрбітіп, ел демографиясының артуына еңбек сіңіріп жүрген де солар. Қостанайлық алтын құрсақты аналардың бірқатарына құрмет көрсетіліп, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды.

Маңызы зор марапат ҚР Президентінің  2025 жылғы 25-қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген. Төсбелгілерді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев 13 анаға табыс етті.

Соның алтауы «Алтын алқа», жетеуі «Күміс алқа» иегері атанды. Шаһар басшысы жылы лебіз, ыстық ілтипатын білдіріп, отбасы құндылығының қазіргі замандағы маңызына тоқталды.

blank

«Халық саны жылдан-жылға өсуде. Демографиялық көрсеткіштің артуына аналардың қосып жатқан үлесі зор. Бала – біздің болашағымыз. Сіздер ел тұтқасын ұстар болашақ ұрпақты тәрбиелеп жатсыздар», – деді Марат Жүндібаев.

Құрметке бөленген жандардың бірі – Жібек Нұрсейітова. Ол Президент Жарлығымен «Күміс алқа» иегері атанды. Аяулы жар жеті баланың анасы, білікті журналист. Үй тірлігін ұйытып, аудандық газеттегі қызметін тап-тұйнақтай атқарып жүр. Қолы боста айналысар кәсібі де бар. Бірнеше істің берекесін келтіруде. Жас та болса бас болып жүрген пысық келіншекті қалай мақтасақ та жарасатындай. Жолдасы Аманжол екеуінің отасқандарына 16 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде жеті бала өмірге келіпті. Ерлі-зайыптылар бес батыр мен екі ханшайымды өсіріп бағуда.

«Тұңғышым 15-жаста, 9-сынып оқиды. Кенжем Рәбияны жақында босандым. Бөпем әлі қырқынан шыққан жоқ. Балаларымның алды есейіп қалды. Үлкендері жоғары сыныптарда оқиды. Кішілерді бағысуға қолғанат болып жүр. Еңбегіміз еленіп, марапат алып отырғаныма қуаныштымын. Ұрпағымыз өсіп-өніп, мәуелі бәйтерекке айналайық», – деді Жібек.

Көпбалалы ана отағасының қызметіне байланысты қазір Науырзым ауданында тұрып жатыр. Жолдасы Аманжол «Фитосанитария»  инспекциясының Науырзым аудандық филиалында еңбек етуде.

Балаларды бағып-қағу, сабақтарын оқыту, одан қалды үй тірлігімен айналысу дегеніңіз түсінген жанға үлкен еңбек. Тұрмыстағы тынымсыз тірліктің шашауын шығармай атқарып жүрген аналарға алғыс айтсақ артық болмас. Отбасы мен қызметті қатарып сүйреп, өзінің жеке дамуына көңіл бөлу – қаншама күш пен жігерді қажет етеді. «Күміс алқа» иегері Жібек Мырзағалиқызы осынау талаптың үдесінен шығып жүр.

«Өзім көпбалалы отбасынан шықтым. Бес ұл және мен. Содан болар көпбалалы ана атанудан қашқан емеспін. Қазіргі таңда бала өсіру қиын емес. Әр баланың өз несібесі бар. Жолдасым, ата-анам және ата-енемнің қолдауымен ұл-қыздарым өсіп келеді. Алғашқы жылдары екі үлкенімді бағуға енем көмектесті. Үшінші баламды үлкен енем бағысты. Себебі, ертерек жұмысқа шыққан едім. Әжелеріміздің айтуынша, қазіргі заманда тұрмыс әлдеқайда түзелген. Нәрестенің жөргегін қолмен жуып, оны кептіре алмай әуреленбейсіз. Бір реттік жөргектер сатылады. Үй тірлігін орындап, жұмысқа үлгеруіме жолдасым көбірек қолдау білдіреді. Сол кісінің көмегімен бәріне үлгеріп жүрмін», – дейді ол.

Айтпақшы, кейіпкеріміздің үлкен енесі Сапура «Алтын алқа», өз анасы Қалимаш Әміркенова «Күміс алқа» иегері екен. Осылайша, алтын құрсақты абзал аналардың жолын жалғап келеді.

Марапат иесі босанған соң 2-3 айдан соң жұмысқа шығып кететінін айтты. Бала күтіміне байланысты қызметтегі заңды демалысын ұзаққа созбайды екен. Балаларын тәрбиелеуге енесі Әлия мен үлкен енесі, яғни, енесінің енесі Сапура көмек беруде. Әженің өнегесін көрген баланың жаман болмайтыны ертеден мәлім. Жас шаңырақтың тамырын терең жаюына, татулығының артуына осы аталған екі әже себепкер. Ақжаулықты аналардың үлкені 80-ге, кішісі 58 жасқа толыпты. Бір әулеттің алтын қазығына, ақылшысына айналған қайран қазақтың аналары-ай дерсіз.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті түсірген Айдана АЙБЕКҚЫЗЫ