Қонайда жер кезегінде тұрған азаматтарға  үй беріле бастады

Қонайда жер кезегінде тұрған азаматтарға  үй беріле бастады

Бұл туралы қала әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде айтылды. Бұған дейін кезекте алғашқы №1-ден 3000 аралығында тұрған азаматтар ғана үміткер атанған еді.  Бүгінде 124 үйдің біреуі ғана сатылыпты. Төрт адам рәсімдеу жұмыстарымен айналысуда.  Үйлердің іші-сырты дайын, бірден көшіп барып орналасуға болады.

«Қарашаның соңына дейін үйлерді иелеріне табыстап, жобаны жүзеге асыруды аяқтау керек. Себебі, мүлікті күтіп-ұстау және коммуналдық төлемдер сияқты шығындар шаш етектен. Бір ғана жылу беру маусымы кезінде шығын көлемі 49 млн теңгеге дейін ұлғаяды», – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Шағын ауданда қаз-қатар бой көтерген бір және екі қабатты коттедж типтес үйлер ерекше көзге түседі. 124 үйдің әрқайсысы 8 сотық жерге салынған. Баспана іші шамамен 100 шаршы метрді құрайды. Көгілдір отын, ауыз су бәрі бар. Тұрмысқа қажетті инженерлік коммуникация тартылған. Жер үйлердің құны 26-30 млн аралығында бекітілген.

Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Темірбаевтың айтуынша, Қонайда жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1792 жер учаскесі қарастырылған. Соның ішінде 1668 жер телімі бос тұр, қалған 124-не бюджет есебінен үй салынды. Аталған жұмысқа 3,9 млрд теңге бөлінген.

«Үйді қолма-қол ақшаға немесе екінші деңгейлі банктер арқылы, тұрғын үйді несиелеу механизмімен алуға болады. Қостанай қаласы бойынша жер кезегінде тұрған 43 287 азаматқа осындай мүмкіндік ұсынылуда. Ниет білдірушілер қараша айының аяғына дейін Қайырбеков көшесі 75 мекен жайында орналасқан «Жер қатынастары бөлімі» мекемесіне келуі тиіс. Жеке куәлігіңіз бен ЭЦҚ ала келуді ұмытпаңыз»,  – деді Марат Темірбаев.

Үйлердің ішін көремін десеңіз, мархабат. Қонай шағын ауданы 17 квартал, 1-ші үйде құрылыс бөлімінің қызметкері кезекшілікте отырады.  Жұмыс күндері таңертең 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін және сенбі сағат 10:00-ден түскі 13:00 аралығында аталған мекенжайға баруыңызға болады. Мекеме маманы сізге үйлердің ішін аралатып көрсетеді.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретке түсірген Айдана Марат